Риддерде әжеге теміржолдан өтуге көмектескен ер адам соңынан оны тонап кеткен

334
көрілім

Риддер қаласында теміржолдан өтпек болған егде жастағы әйел адамды көрген еркек көмек қолын созбақ болады. Сол кезде әженің алтын сырғасын байқап қалған оған жымысқы ой келген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Риддерліктер үшін қаланың бір ауданынан екіншісіне өту үшін теміржол арқылы жолды қысқартуды қалыптасқан әдет. Таңертеңгі уақытта Алексей Никифоров (аты-жөндері толықтай өзгертілген) дәл осылай жүрмек болады. Анасының үйінде бірнеше күн қонақта болған ер адам енді өз үйіне қарай бағыт алған.

Шпалды аттап өтіп бара жатқан Алексей дәл алдында қиқаңдап бара жатқан кейуананы көреді. «Ішіп алған ба, өзі» деп ойлады ол. Қателеспепті. Құрбысының үйінен шыққан 70 жастағы Наталья Авдеева ащы судан ұрттап алған екен. Кенет пойыздың дүрсілі естіліп, ер адам лезде рельстен шығып кетеді. Қарт әйел де сөйтпек болып еді, бірақ аяғын дұрыс баса алмай құлап түскен. Пойыз өтіп кеткеннен кейін Алексей оның қасына барып, жерден тұруына көмектеседі. Сөйтіп ары қарай екеуі бірге жүрген.

Араға біраз уақыт салып әженің құлағындағы қызыл тасы бар алтын сырғаны көзі шалған ер адамның санасын арам ой торлайды. Қылмыс жасайын десе қайтадан түрмеге қамаламын ба деп қорқады: осыдан 8 жыл бұрын Алексей темір тордан босап шыққан. Ал жасамайын десе – қарыздары тым көбейіп кетті. Пайымдай келе ер адам заңсыз әрекетке баруға бел байлаған.

Кенеттен әжеге қырғидай тиген еркек қолын сырғаға қарай созады. Наталья Авдеева қарап қалмай, қарсылық көрсеткен. Сол кезде Алексей оны бар күшімен итеріп жібереді. Басымен рельске құлап түскен егде жастағы азаматша есінен танып қалған. Осы сәтті пайдаланған риддерлік кемпірдің құлағындағы сырғасын жұлып алады да оқиға орнынан тайып тұрады. Қансыраған жәбірленуші келесі пойыз келгенде есін жиғандықтан ғана аман қалған.

Осыған байланысты сот ісі Риддер қалалық сотында қаралды. Сот үкімі бойынша Алексей Никифоров 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ