Енді шашылған қоқыстар қайта өңделіп, өнім қалпында шығарылмақ. Құрылысы тәмәмдалуға таяу Риддер қаласындағы қоқыс өңдеу зауытының ашылуына да аз уақыт қалды. Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуат Мұхамедчиновтың айтуынша, осы уақытқа дейін аталмыш зауыт жұмысын тек бір рет тестік режімде сынап көріп, кем-кетіктерін байқаған. Мәлім болғандай, қарбалас жұмыстың негізгісі аяқталып, пайдалануға беру жағы қорытындылану үстінде.
Зауыттың сыртқы көрінісі
Тасжолға төсейтін сұйықтық
Жауапты тұлғаның сөзіне сүйенсек, қалада коммуналдық жекеменшікке тиесілі қоқыс полигоны бар. Қазірде ол «Фирма Эталон» ЖШС сенім басқармасының құзырында. Пайдалануға берілу мерзімі өтіп кеткендіктен оның жабылудың аз-ақ алдында қалған кезі де болған. Бұдан кейін сенім басқармасына тапсырылып, құзырлы мекеме сол полигонды 2025 жылға пайдалануға рұқсат алған-ды. Қуат Маратұлы айтқандай, тағы бір қоқыс полигонын ашу қажеттілігі туындаса да, мүмкіндік болмай отыр.
– Ірілі-ұсақты бұлақтардың көптігі кедергі. Себебі қоқыс төгетін жер ашудың өзіндік талаптары бар. Жер қатынастары басқармасы тарапынан бұл жайтқа зер салсақ, онда экологиялық талаптарға сай келмейтінін аңғарамыз. Ал қолайлы жер табу үшін қаладан тысқары шығып, Черемшанка сынды ауыл маңдарынан жер қарастыру қажет болады, – дейді қалалық бөлім басшысы.
Бұдан кейін аталмыш мәселені жоғарыда аталған «Фирма Эталон» сенім басқармасымен тізе қосып талқылап, кейін қоқыс алаңы маңынан жер берілген. Мәселенің басы ашылып келе жатқандықтан аталған басқарма қоқыс өңдейтін зауыт салуға келісім беріп, ауқымды жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Жұмсалған шығынды да өздері көтерді. Осы күнге дейін құрылыс жұмысы тоқтаусыз жүріп, қазір толықтай пайдалануға берілуге әзір тұр. Қоқыс өңдеу цехының басшысы Максим Щелкунов тілге тиек еткендей, қала көлемінде жиналған қоқыстар алдымен цехқа жеткізіліп, іле конвейер арқылы іріктеуден өткізілмек.
Қуат Мұхамедчинов
– Қағаз, картон, шыны заттарынан пластикалық бөтелкелерге дейін тегіс өңдеуге түседі, – дейді цех басшысы. – Айта кетейік, пластикалық бөтелкелер мен автомобиль доңғалақтарының тысы арнайы пешке апарылады. Ал қажетсіз металдарды престеу аппаратына салып, немесе балқыту арқылы кезекті бір өнім дайындау жағын да қарастыратын боламыз. Жабдықтау жағына келсек, мана айтылған іріктеу құрылғыларының орнатылуы бір шешімін тапты. Мәселен Ресейден қағаз өңдейтін шредер құрылғысы да жеткізілуі тиіс.
Бұл құрылғы арқылы қағаз гильотино арқылы үлкендеу етіп қиғаннан соң станокка салып ұсақтап, артынша пешке салынбақ. Көлеміне қарай пеш толтырылып, үш, алты және тоғыз тоннаға дейін заттарды қайта өңдеуге қауқарлы. Әзірге сынап көргендері үш және алты тонна заттың қоқысы. Пеш арқылы шыққан барлық сұйықтық пен май түтін арқылы жылуалмастырғышқа өтіп, су арқылы салқындатылады. Міне, осыдан барып пиролиз майы дайын болмақ. Жауапты тұлғалар мұны жол жөндеу жұмысы кезінде төсем ретінде пайдалануға болатынын айтты. Маңыздысы сол, мұндай түтін көп бөлінетін жүйелі жұмыстан кейін ауаға ешқандай зиянды қалдықтар тарамайды. Максим Щелкунов бұл жағы жіті бақылауда екендігін айтып, доңғалақ тыстарын қайта өңдеу кезінде шығатын газдың барлығы сүзгіден өтетіндігін жеткізді. Зауыт қызметкерлері аталған доңғалақтарды қоқыс алаңдарын аралап жүріп немесе тұрғындардың келіп тапсыруынан табатын көрінеді. Тағы бір амалы – КазЦинк зауытымен келісіп, белгілі бір заңдылыққа сүйеніп сақталған доңғалақтарды алдыру. Неліктен осы ұйым десеңіздер, мұндағы әралуан техникалардың көптігі дәл осы доңғалақ алдыру жағынан едәуір көмек.
Қоқыс контейнері қойылмаған қала
– Сайып келгенде, осының салдарынан пайда болған шикізатты белсендірілген көмір деуге әбден болады, – дейді Максим Щелкунов. – Яғни содан шыққан зиянды қалдықтар жанып, соңында осындай көмір қалады. Бұл көмір кейін ағаш ұнтағымен араласып, дірілді престеу жұмысы жалғасын таппақ. Мұны кәдімгі отындық көмір ретінде де пайдалануға болады.
Әу баста айтқанымыздай, бұл кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Қуат Мұхамедчиновтың айтуынша, алдымен іріктеу жұмысы, сосын пластик немесе резеңке материалдарынан жасалған заттар пешке жөнелтілсе, соңында аталған белсендірілген көмір ағаш ұнтағымен араласып, престеледі. Анығы сол, зауыт іске қосылған бойда күніне 70 тоннаға дейін қоқыс өңдеу жоспарға қойылған. Ол ол ма, жауапты тұлғалардың сөзіне сенсек, құрылыс жұмысы толықтай мәресіне жеткен соң үш бірдей өзекті мәселенің басын ашуға мүмкіндік алады. Бірі – құрылыс нысаны өңір бойынша қоқыс өңдейтін алғашқы зауыт саналса, бірі – экологиялық заңнама талаптарын орындау, одан бөлек, бұл зауыт арқылы көп көлемдегі қоқыс өңдеу нәтижесінде қосымша жер телімін іздеу қажеттілігі туындамайды. Риддер қаласының облыс орталығынан қоқыс мәселесі жөніндегі бір ерекшелігі – мұнда арнайы қоқыс контейнерлері орнатылмаған. Оның бір себебі – қоқысты қайта өңдеу жұмыстары сол алаңда тұрып-ақ жүзеге асырылуда.
– Қарапайым логикаға салып ойлансақ, көп жағдайда тұрғындар суреті бейнеленген жәшіктерге реттілікпен қоқыстар салмайды, – дейді Қуат Мұхамедчинов. – Керек десеңіздер, тұрмыстық-құрылыс материалдарын тастап кететіндер де кездеседі. Үйде жөндеу жұмыстары жүргізілсе, қалдықтары қоқыс маңында шашылып жатады.
Бөлім басшысы осы мәселеге қатысты арнайы жазаның қарастырылғанын, қала берді қоқысты бей-берекет төге беретіндердің көптігінен хабардар болса да мұның тыйылуы екіталай екендігін айтты. Сол себепті қайта өңдеудің қолма-қол жүзеге асырылатындығы құптарлық іс.
Табанды жұмыстың тұсаукесері жуырда
Әзірше штатқа алынатын жұмысшылар саны – 18. Істің іргелеуіне қарай олардың қарасы да, керек құрылғылар саны да артпақ. Цех басшысы Максим Щелкунов айтып кеткендей, жұмысшыларға арналған асхана, жиһаздармен жабдықталған жатын орын, сондай-ақ жағдайы жасалған жуынатын бөлме де пайдалануға берілуге әзір. Жауапты тұлғалардың айтуынша, бұл жоба басталмас бұрын жан-жақты кеңесуді қажетсініп, бүге-шігесіне дейін ойластырылуды талап еткен. Байыбына барған жандар мұны бұл келелі бастама деп санайды. Себебі қомақты қаржы арқылы қолға алынған нысан біршама адамды жұмыспен қамтумен қатар, уақыт өткен сайын өзін-өзі ақтай түспек. Біріншіден, аймақтағы қоқыс өңдейтін тұңғыш зауыт сырттан келген басшылар игілігі үшін емес, өзіне жұмыс істейді. Одан қалса, қажетсіз деп саналған қоқыстардан басқа шикізат әзірленіп, (мәселен пиролиз майы, түрлі металлдар, алюминий) кейін тұтынуға қайта берілмек. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, тетікті басып, ашылуын атап өтпес бұрын басшылық тараптың келісімі бәрінен маңызды. Қуат Маратұлы «Барлық жұмыстың 99,9 пайызы атқарылды» дегеннің өзінде экологиялық талаптар бойынша әлі де болса қорытындылау жұмыстары тоқтамақ емес. Тек осындай әрекеттердің өзі едәуір уақытты қамтитын көрінеді. Алдағы уақытта ауқымды істің тұсаукесері өткізіледі деп жоспарлануда.
– Сәтін салса, құрылыс толықтай аяқталған бойда қарбалас жұмысқа білек түре кіріспекпіз. Жоғарыда айтқанымыздай, бір емес, бірнеше мәселе күрмеуін табатын түрі бар. Айналада қоқыс жетерлік, жоғарыда айтқанымыздай, қажетсіз заттарын тастаушылар өте көп. Зауыт тиісті құралдармен жабдықталса, бірқатар жоспарларды орындауға жол ашылады. Алдын ала топшылағанымыздай, қараша айының соңына қарай зауыттың салтанатты ашылуы өтіп, көпшілікі хабардар етпекпіз, – деп сөзін қорытындылады Қуат Мұхамедчинов.
Әділхан ЕСІМХАНОВ