Кешкі уақытта үйде екеуі ғана ащы судан ұрттап отырған ерлі-зайыптылардың арасында жанжал шыққан. Сол кезде сабасына сыймаған еркек зайыбына қол көтереді. Бұған шыдамаған азаматша үстел үстінде жатқан пышақты шап беріп алып күйеуінің кеуде тұсына сұғып жіберген. Оқиғаның бүге-шүгесі Риддер қалалық сотында қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды.
Александр мен Светлананың (есімдері толықтай өзгертілген) екі жарты бір бүтін болып қосылғандарына талай жыл. Кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы бар. Бірде екеуі ұл-қыздарын басқа жерге апарып тастап, дүкеннен арақ алып келеді де отырыс ұйымдастырады. Бұл бірінші рет емес еді. Ара-тұра осылай «демалыс» жариялайтын тұрақты әдеттері-тұғын. Араға біраз уақыт салып, стақандары бос қалып әңгіме-дүкен құрып отырған Александр мен Светлана арасында дау шығады. Масайған екеуі бір-біріне ауыр сөздерді аямай жібертті. Кенет ашуы алқымына келген риддерлік әйелінің басына бірнеше рет соққы жасайды. Бұрындары да талай рет қайталанған бұл қорлыққа шыдамы таусылған азаматша қолына пышақ алып күйеуінің кеудесіне сұғып жібереді. Осының салдарынан аяқастынан жәбірленуші болып қалған еркекке ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген. Ал бұған дейін таяқ жеп жүріп, қас қағым сәтте айыпталушы атанған Светлана сотқа тартылды.
Риддер қалалық сотында қаралған сот ісінде 31 жастағы әйел өз кінәсін толықтай мойындады. Істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізген сотталушы кішкентай балалары бар екендігін айтып, судьядан қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Ал күйеуі болса соттың көзінше жұбайын кешірді…
Сот үкімі бойынша айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған ол 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.
Асқар ТҰМАРБЕК