Білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс үш ауысымда жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан заманауи оқу ордасында Ескі қала, Таловка, Полярная, Гавань қатарлы шалғай аудандар мен Ливино ауылының балалары келіп оқиды. Құрылысқа шамамен 5,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде барлық инженерлік желілер тартылған, жұмыс белгіленген жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
Ал ескі мектептің ғимаратында аула клубын ашу ұсынылып отыр. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев ескірген ғимаратты жөндеу үшін алдымен бәрін жан-жақты зерделеп, зерттеуді тапсырды.
Осы орайда облыс әкімі мектептің қасындағы бос жерге, спорт алаңын салу қажеттігін де айтты.
– Бұл жерге жазда жүгіру жолы, воркаут және шағын футбол алаңы, ал қыста мұз айдыны мен шаңғы жолы түсетіндей жоспар әзірлеу керек. Осылайша қалада біліммен қоса спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін тағы бір спорт ордасы пайда болады, - деді облыс әкімі.