Риддерде өнерсүйер қауым үшін жаңа көрме ашылды

388
көрілім

20 қараша күні қалалық Мәдениет сарайында бірқатар риддерлік суретшілердің көрмесі ашылды. Көргенде көз құмарыңды қандыратын ерекше туындылар көптің назарына ұсынылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталмыш көрмеге 13 қылқалам шеберлерінің картиналары қойылды. Олардың жастары, мамандықтары мен дайындық деңгейі әртүрлі. Кейбіреулері көпті мойындатқан кәсіби суретшілер болса, енді бірі өнер жолын енді бастаған талантты жастар.

– Көрмеде жалпы саны 80 туынды келушілер назарына ұсынылды. Суреттер сан алуан жанрларды қамтыған. Бірақ көбісінің негізгі тақырыбы – пейзаж. Біздің суретшілер табиғат әсемдігін суреттеуден әсте жалыққан емес. Себебі айналадағы аспанмен астасқан асқар таулар, ит тұмсығы өтпейтін ну ормандар шабыттарын шарықтата түседі, – дейді Мәдениет үйіндегі көрме залының меңгерушісі Любовь Зайцева.

Риддерлік белгілі суретші Марина Петрачкова көпшілікке әртүрлі жанрдағы көптеген коллекциясын таныстырды. Мұнда балалар сурет мектебінің оқытушылары Татьяна Титова, Наталья Осколкова, Людмила және Юрия Юрованың суреттерін, сондай-ақ студенттік шақта салынған портреттер мен Виктор Гарафоновтың пейзаждарын кезіктіруге болады. Мұнымен қатар жуырда ғана суретшілер қатарын толықтырған Антонина Нужных екі көрме туындысының авторы атанды. Көрме авторлары ішінде әулетінен бері суретшілікпен айналықсандар да бар. Көрмеге көз жүгірткен тұрғындар мен қонақтар Татьяна Леонова мен қызы Елизаветаның да жұмыстарын тамашалады. Елизавета Леонованың «Гималаи» атты туындысы – көрермен назарына қойылған туындылар ішінде көлемі жағынан ең үлкен.

– Шынайылыққа негізделіп салынғаны соншалық, құдды бір сол жақта жүргендей боласың. Суреттің салыну сапасына үңіліп, оны талдап, тіпті Гималай тауының саф ауасын жұтқың келіп тұрады, – деп Любовь Зайцева әсерімен бөлісті.

Тағы бір жұп – Елена Федорова мен қызы Антонина.

– Елена Эдмундовнаның еңбегінде терең астар жатқандай. Тіпті пәлсапалық па дерсің. Ал Антонина болса, жуырда ғана салынған жаңа жұмыстарын көрермен назарына ұсынды. Жас суретші екі жыл қатарынан облыстық өнер музейі ұйымдастырған халықаралық пленэрге қатысқан. Соның қорытындысын көрме кезінде білетін боламыз, – деді Любовь Васильевна.

Көрме кезінде Анатолий Акимовтың шеберлікпен салынған картиналарына да айрықша көңіл бөлінген. Суретшінің өзі арамызда жоқ болса да оның еңбектері мен ол туралы естеліктер мәдениет әлемінде сақталып қалмақ.