Риддерде полицейлердің жауап алу барысын арнайы экран арқылы көруге болады

532
көрілім

Риддер қаласының прокуратурасы қылмыстық процессті модернизациялау шеңберінде ішкі істер органдарының жергілікті бөлімімен бірлесіп ерекше жаңалық енгізді. Енді жауап алу, беттестіру және басқа да процессуалдық-тергеу әрекеттерін ішкі істер органдарының бөлімінде арнайы экран арқылы көруге болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бас прокуратураның қылмыстық процесті модернизациялау бойынша жобасы шеңберінде қадағалау органы ішкі істер органдарымен бірлесіп тергеу әрекеттерінің барынша ашық және түсінікті болуы үшін кешенді шараларды әзірлеуде. Полиция бөлімдерінде арнайы жабдықталған ашық кабинеттерден басқа, цифрлік технологиялар да енгізілуде.

— Адамдарды кенеттен полицияға тергеу әрекеттерін жүргізу үшін шақырғанда немесе жеткізген кезде, олардың туыстары мен жақындары қауіптенеді, — деп хабарлады Риддер қаласының прокуратурасы, — Себебі, тергеушінің жабық кабинетінің ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Сондықтан «Азаматтардың мүдделерінде қылмыстық процессті оңтайландыру» атты жоба шеңберінде Риддер қаласының ішкі істер бөлімінде бейнекамералар орнатылған және барлық тергеу-жедел әрекеттері бейнежазбаға жазылатын арнайы ашық кабинеттер жабдықталған, Әрі қарай осы бейнежазбалар онлайн режимінде АІІБ-нің бірінші қабатында орнатылған кең форматты дисплей арқылы көрсетіледі. Сөйтіп, әрбір ниет білдіруші жүріп жатқан тергеу әрекеттерін нақты уақыт режимінде бақылай алады.

Қадағалау органының пікірінше, осы жаңалық тергеу процесін барынша ашық етуге мүмкіндік беріп, азаматтардың тарапынан түсініспеушіліктерге жол берілмейтін болады.