Риддерде салынатын жаңа мектеп мемлекеттік тілде оқытады

253
көрілім

Риддер қаласында 600 орындық қазақ мектебі бой көтермек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Биыл қаңтар айында БАҚ-та және әлеуметтік желіде Риддердегі жалғыз қазақ мектебі ғимаратының тозып тұрғаны жайлы ақпарат тарап, жұрттың наразылығын тудырған болатын. Содан кейін жергілікті әкімдік білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдаған.

Ал жаңа оқу жылы басталғанда Риддердегі жалғыз қазақ мектебі жабылғаны туралы мәлімет тарай бастады. Сол кезде ШҚО билігі бұның шындыққа мүлде сәйкес келмейтінін, жөндеу жұмыстарының қажеттілігіне байланысты оқушылардың №11 мектепке уақытша көшірілгендігін мәлім еткен.

Бүгін Риддерде жаңа қазақ мектебі салынатындығы белгілі болды. Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысы мен Риддер қаласының әкімдіктері және «Казцинк» компаниясы арасында тиісті үшжақты меморандумға қол қойылды. Мектептің құрылысы 1 жарым жылдың ішінде аяқталады деп көзделген.

- Риддер қаласында 16 мектеп бар. Сол мектептердің көбісі өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған. Ал соңғы жарты ғасыр ішінде тек 2022 жылы ғана 1 мектеп бой көтерген. Одан кейін жыл сайын қазақ тілді мектепке деген сұраныс артып келе жатыр. Мәселен, 2021 жылы 1014 бала, 2022 жылы 1151 бала, 2023 жылы 1205 бала мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірген, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев