Ашылғалы бері ауқымды жұмыстардың шетін шығарып жүрген Риддердегі қалалық Жастар ресурстық орталығының қолға алған тірліктері әкімдік тарапынан қолдау тауып, әркез жастар саясатын іске асыруға бағытталып келеді. Қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Евгения Донцова алға қойған жоспарлары мен осы уақытқа дейін атқарылған шаралар жайында ой бөліскен еді.
Берері мол мектеп
Сонымен аталмыш орталықтың құрылғанына алты жылдан асып жығылған. Нақтырақ айтсақ, өз жұмысын 2013 жылдың сәуір айында бастады. Атқарылған шаруалар да аз емес. Олардың ішінде салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, құқықтық ақпараттандыру, IT-технологияны дамыту сынды жастар белсене араласатын шаралар күн тәртібінен түспеген. 2014 жылы аталмыш орталық базасында компьютерлік сынып жұмысын бастап, балалар киберспортпен айналысуда. Яғни жеткіншектер түрлі компьютерлік ойындар бойынша шеберліктерін шыңдап, тоқсан сайын ұйымдастырылатын ойындарда өз мүмкіндіктерін байқайды. Осыған дейін ұдайы қалалық деңгейде өткізілсе, биыл риддерлік оқушылар Өскеменде өткен киберспорттан облыстық Кибер фестивальда бақ сынап көрді. Ал өткен жылдың қараша айында белсенді жастар игілігіне IT-мектебі берілді. Евгения Донцованың сөзінше, аталмыш мектептің негізгі бағыттары – бағдарламалау, графикалық дизаин және модельдеу.
– Келушілер үшін тегін оқыту қарастырылған. Олар бейнемонтаж және бағдарламалауды пысықтау үстінде. Қазір қажетті деген құрал-жабдықтардың барлығы алынды және компьютерлердің барлығы да кез келген жүктемеге сақадай сай әзір. Қала әкімінің қолдауымен жергілікті қазынадан IT-мектебіне бөлінген қаражат мөлшері – 6,5 млн теңге, – деді орталық директоры.
Талаптың тұлпарын ерттеген 20 жеткіншек осынау мектепке үш топқа бөлініп келуде. Қазір тағы бір топ ашылуға жақын. Бағдарламалаушылар сейсенбі, бейсенбі күндері, ал сәрсенбі, жұма күндері модельдеушілер мен бейнемонтаждаушылар білімдерін пысықтайды. Евгения Донцованың айтуынша, мұнда келген әр баланың қызығушылығы артып, заманауи технологияны меңгеруге деген құлшыныстары да ояна түскен. Не себепті дейсіздер ғой? Жауабы қарапайым: әр жеткіншек өзі әзірлеген бейнероликтерді күн сайын құлашын кеңге жайып, адымын арттыра түскен әлеуметтік желілерге сала алады. Өзіндік шеберліктері мен көңілге түйгендерін көпшілікке көрсету арқылы жұртшылық бағасына ие болып жатады.
Евгения Донцова
Қоғам тарапынан туған қажеттілік
– Менің жеке ойым, графикалық дизаин, модельдеу және бейнемонтаждың жастар тұрмақ, ересектерге де берері мол, – дейді орталық директоры. – Себебі көп нәрсе осы үштікке байланысты. Өзім де бейнемонтаж жасап, кейбір жұмыстарымды бір бағытқа қойдым. Ал фотошопқа келсек, ол дегеніміз – қазіргі өмірдің ажырамас бөлігіне айналғандай. Бұл біреудің қойған талабы емес, қоғам тарапынан туған қажеттілік. Мейілінше, осындай жаңашылдықтардан хабардар болған жөн.
Кім білсін, күндердің бір күні кейбір жандарға түрлі ойындардың өзі де керек болар. Дәл осы мысалды алға тартқан Жастар орталығының директоры өмірдегі көптеген жайттар қарапайым дүниелерден басталатынын баса айтты. Ендеше, білім көкжиегін кеңейтемін деушілерге бұл орталықтың есігі әрдайым ашық. Қазір мұнда бағдарламалау бойынша білгенімен бөлісіп, үш оқытушы жұмыс істеуде. Барлығы да жоғары білімді жандар. Осы уақытқа дейін IT-мектебіне келген балалар арасында ең кішісі 10 жаста екен. Соған қарамастан үйірмеден қалып, себепсіз босатып көрмеген. Онымен қоса, мамандар әр балаға уақыт өткен сайын тапсырмаларды күрделендіріп, деңгейлерінің өсуіне бағдар беруде. Айталық Азамат есімді маман шәкірттеріне «JavaSkript» аталатын қосымшаны меңгеруге үйретуде. Бұл не? Яғни мұнда балақайлар өздері ойлап тапқан ойынды бағдарламалауға мүмкіндік алады. Тіпті осыдан кейін біткен іске қанаттанып, қуаныштан көз жанарларына ұшқын пайда болғандай әсерде қалған. Бағдарламалаудың бір ерекшелігі осы. Түрлі гаджеттер арқылы таныс болған ойындарды сәл бас қатырудан кейін өздері-ақ ойлап табуға қауқарлы. Ал бейнемонтаждаушылар тобында бұлардан гөрі ересек шәкірттер білімдерін пысықтауда. Алға қойған жоспарлары да айқын. Қазір қарбалас әзірлікте жүрген жасөспірімдер үшін алдағы уақытта бірқатар сайыстар жалауын көтермек. Соның алғашқысын қараша, желтоқсан айларында бағдарламалау бойынша өткізу жоспарланған. Евгения Донцованың сөзіне сүйенсек, алдымен мектептерде іріктеу сындары өткізілсе, Жастар орталығында шешуші кезең жалғасын табады.
Тау етегін тазартып қайтты
Қазір Риддерде бас-аяғы 5 Жастар қоғамдық ұйымы жұмыс істеп тұр. Жастар ресурстық орталығы да осы ұйымның әрқайсысымен тығыз қарым-қатынас орнатып, кей шараларды тізе қосып қолға алуда. Мәслелен «Автоклуб» мүшелерімен бірлесе отырып, қайырымдылық шараларын өткізіп, ардагерлерге құрмет көрсету жағын қалыс қалдырмауда. «Таза жағалау» атты сенбілік шаралары да қалалықтар тарапынан оң бағасын алған. Мұның алдында «Три богатыря» тауына етегіндегі құралған топпен арнайы атбасын бұрған болатын. Сол таудың төмен түсе бере шашылған қоқыстарды жинап, тазалық орнатты. Топ арасында АҚШ елінің саяхатшысы да болып, Риддердің табиғатына, халқының жайдарылығына таң-тамаша болыпты. Лос-Анджелес қаласынан келген Анжела есімді зейнеткердің жасы 70-ке келсе де таудың басына дейін көтеріліп, қалың топты табандылығымен тәнті еткен. Келелі шаралардың тағы бірі – отбасылық «Шуақты шаңырақ» сайысы. Жастар ресурстық орталығының күнтізбесінде тұрған бұл жарыста риддерлік отбасының бабы келісіп, бірінші орыннан көрінген.
– Осы уақытқа дейін орталық базасында еріктілер клубы да сәтті жұмыстар атқарды. Олардың өзі бірнеше топтан тұрады. Бастысы, қолға алған қайырымдылық шараларының барлығына біркісідей атсалысып, көмек беруге әзір тұрады. Мәселен «Ардагерлерді ардақтау» атты акция күні бүгінге дейінге жоспардан түскен емес, – дейді Евгения Донцова.
Әділхан ЕСІМХАНОВ