Риддердегі жол апатына қатысты Қуат Тұмабаевтың ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды

672
көрілім

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті 18 жастағы жасөспірімді қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасарымен бір көлікте отырған Өскемен қаласының әкімінің ісін Әдеп жөніндегі кеңеске талқыға салды. Кеңес мүшелерінің шешімі бойынша Қуат Тұмабаевқа қызметіне толық сай емес деген ескерту жасалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, мас күйінде көлік тізгіндеген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев 15 сәуір күні Евгений Смольниковты қағып кеткен еді. Соның салдарынан 18 жастағы бозбала оқиға орнында көз жұмған. Көп ұзамай ШҚО Прокуратурасы қайғылы оқиғаның басында Риддер қаласы әкімінің орынбасары ғана емес, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың да болғанын мәлімдеді.

– Бұл іс бұқара арасында үлкен резонанс тудырғандықтан, біз оны әдеп жөніндегі кеңесте қарадық, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің бастығы Жанна Қабдолдақызы, – Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев мемлекеттік қызметкердің әдеп жөніндегі кодексін бұзған. Сондықтан оған қызметіне толық сай еместігі түріндегі ескерту жасау туралы шешім шығардық. Ал оның қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасаған-жасамағанына тек қана сот органы баға береді. Егер сот Қуат Тұмабаевқа қатысты басқа да заңбұзушылықтарды анықтап жатса, одан да қатал шешім шығаруымыз әбден мүмкін.     

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ