Риддерлік азамат әлемдік рекорд орнатты

307
көрілім

Новосібір облысының Бердск қаласында жыл сайын Siberian Challenge фестивалі өтеді. Мақсаты — әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар арасында ашық әлем кубогін ұйымдастырып, ең мықтыны анықтау, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


23 мамыр күні Риддер металлургиялық комплексінің қызметкері Дмитрий Драницкий де Риддер қаласынан өз командасымен бірге аттанған.


- Бала күнімнен көп уақытымды жаттығуларға бөліп, түрлі спорт түрлеріне қатысып көрдім, - дейді жеңімпаз. - Уақыт өте қара күшті талап ететін спорт ұнайтынын түсіндім. Бұл жолдан қол үзіп кету ойы мүлде болған емес. Күнделікті жаттығуларды оқумен, жұмыспен бірге алып жүруді де үйрендім.


Дмитрий Драницкий жыл бойы кәсіби спорттық сайыстарға қатысуды мақсат ететін азамат.

Төккен тер  Siberian Challenge-7 фестивалінен төрт медаль және екі кубокпен ақталды. Бұған қоса спортшымыз бицепске көтеру жаттығуы бойынша салмағы 52,5 кг штанганы көтеріп әлемдік рейтинг орнатқан. Ал спортшының дене салмағы небәрі — 50 келі.


- Жұмысқа қайта оралғанымда ұжым мені құттықтауларымен қарсы алды. Бүкіл ұжым болып менің жеңісіме қуануы шыны керек, үлкен мәртебе, - деп бөлісті риддерлік спортшы.


Қазір жерлесіміз Екатеринбург қаласында болатын «Алтын жолбарыс — ХІІІ» мультитурниріне тыңғылықты дайындық үстінде. Жарысқа әр құрлықтан қатысатын 9000-ға жуық спортшы 50 спорттың түрінен сайысқа түспек.


- Мен жаттығу бағдарламаларымды дайындап қойдым. Ұжымдағыларға турнирге баратынымды ескерттім. Олар әрине, маған сәт сапар тілеп, жеңіспен оралуымды күтетіндіктерін айтты, - дейді Дмитрий жайдарлы мінезбен.