АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан әлемдік жарыстың аяқталуына аз уақыт қалды. Бұған дейін қоржыны жүлдеден бос болған жерлестеріміз студенттер арасындағы сайыстың соңғы күні тұғырдан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шаңғымен трамплиннен секіруші Сергей Ткаченко АҚШ жерінде мінез көрсетіп, барын салды. Әйтпесе "Шығыс Қазақстан - қысқы спорт түрлерінің шеберханасы" деген көзқарасқа күмәнмен қараушылардың саны арта түсетін еді.
«Ұшатын шаңғышылар» үшін соңғы сайыс күні көптен күткен жүлде қоржынға түсті. Жарыс командалық сында өрбіді. Жөн-жосығы мынадай: команда сол мемлекеттің екі спортшысынан жасақталады да, трамплиннен секіреді. Екеуінің жинаған ұпайын қосып, қорытындысы сонымен шығарылады. Бұл бәсекеге ұзын-саны сегіз команда қатысты. Ел намысын екі жұп қорғады: Қазақстан-1 мен Қазақстан-2. Біреуінде риддерлік Никита Девяткин мен алматылық Святослав Назаренко өнер көрсетті. Ал екіншісі (Сергей Ткаченко мен Данил Васильев) фавориттерге қарсылық көрсетуге қауқарлы тәжірибелі жұп болатын.
Сәл артқа шегініс жасап кетейік. Риддер қаласының тумасы Сергей Ткаченко 2019 жылы ел спорты тарихында тұңғыш болып жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының қоласын алған еді. Данил Васильев дәл осы Универсиадада бар мүмкіндігін паш етіп, алтын медальға ие болды! Риддер мен Алматы қалалалары өрендерінің дуэті күні кеше күміс медаль иеленумен аяқталды.
Тіпті алтын алатындай-ақ мүмкіндіктері болды. Себебі, Ткаченко мен Васильев тек австриялық спортшыларға ғана есе жіберді. Егер Максимилаиан Ляйнер соңғы мүмкіндігінде 96,5 метрге секірмегенде, жеңіс біздің спортшыларға бұйыратын еді. Жеңімпаз жұп жалпы ұпайы отандастарымыздан небәрі 0,2 ұпайға ғана озды. Қорытындысында:
Австрия – 470,5 ұпай;
Қазақстан – 470,3 ұпай;
Жапония – 452,9.
Әділхан ЕСІМХАНОВ