Риддерлік жекпе-жек шебері көкпектілік палуанмен бозкілемде жолығуы мүмкін

491
көрілім

Қазір бірқатар ММА мамандары риддерлік Артем Резниковтың еркін күрестен ел чемпионатына қатысу мүмкіндігін қызу талқыға салуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Республикалық сайттар дерегінше, Резников ел чемпионатында өнер көрсетеді. Риддерлік жекпе-жек шеберінің әкесі де осы бағытта бапкер. Ал әу баста Резников елішілік біріншіліктерде асығы алшысынан түсіп, тұғырдың биік сатысынан көрінген. Сөйтіп жүргенде ресейлік Федор Емельяненконың жекпе-жектерін көріп, аңсары сол жаққа ауа бастайы. Содан бері 27 кездесу өткізіп, 21-нде қарсыласынан басым түссе, алтауында есе жіберген.

Естеріңізде болса, жуырда ғана ұлты шешен Юсуф Раисовпен жолығып, төрешілер шешімімен мерейі үстем болған еді. Бұдан соң риддерлік спортшы жаңа мәлімдеме жасап, халықаралық деңгейдегі жекпе-жек мамандарының назарын аудартты. Неліктен? Бірқатар ресми ақпараттарға сенсек, Резников қараша айында өтетін еркін күрестен Қазақстан чемпионатында бақ сынамақ. Орта салмақта октагонға беттеп жүрген ол 74 келі салмақта бозкілемге беттейді құп көрген. Ал бұл салмақта ел көлемінде, тіпті құрлық бойынша көкпектіік Данияр Қайсановтың айдарынан жел есіп тұр. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қайсановқа қарата «Мен дайынмын, сен ше?» деп, ел біріншілігінде барын салуға әзір екендігін жеткізді.

Егер елішілік додада шығысқазақстандық қос спортшының жолы түйісіп жатса, біршама тартысты әрі жұрт күткендей қызық болары сөзсіз. Осы ретте кей мамандар риддерлік спортшының аталған бәсекеге қатысуына алдағы маңызды жекпе-жектері алдында едәуір тәжірибе, басымдық беретіндігін болжауда.