Риддерліктер үйлерінің суып кеткендігіне шағымданды

313
көрілім

Былтыр қыстай жаурап шыққан кеншілер қаласының жұрты бірқатар ауданда пәтерлердегі температура +12+16 градусқа дейін ғана жылылықты көрсетіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Үйлері азынап кеткен риддерліктер электр жылытқыштарды қосып отыруға мәжбүр. Түнде жатарда бірнеше көрпе жамылып, пәтерде қалың киініп жүретіндерін жеткізді.

– Аяз басталғалы үйлеріміз суытты. Өткен жылы дүкендерден тоқ пеш сатып алып, жан сақтап едік. Сол көрініс биыл да қайталанды, – деді Самал Нұрымова есімді тұрғын.

Көбі жаз айларында жылу электр орталығы жағдайды реттей ме деп үміттенген, алайда жылыған пәтерлерді кезіктіру қиын. Айталық, Шоқан Уәлиханов көшесі, 45 мекенжайында аяздың қайтуымен +15+16 градус, 7-ші ауданда +10+11 градус, Герцен көшесінде +15 градусты көрсетсе, Абай көшесі, 71/1, 73, 76, Гагарин және Чапаев көшелеріндегі пәтерлерде тұрғындар әлі қалың киініп жүргендерін айтты.

– Жылыту маусымы басталғанда әкімдік өкілдері «қала тұрғындары үшін орташа қысымдағы үш қазандық та жетіп тұр» деген еді. Сонымен шектелген сияқты. Ал аяз түссе, мәселені тез шешу үшін «Қазцинкпен» жасасқан келісімшарт сеп болады деді. Кімге сенеміз?, – деді Наталья Шомина.

Былтырғы жағдай қайталанды демекші, ата-анасына қам жеген азаматтардың кейбірі жақындарын жылы жаққа көшіріпті. Самат Битімбаевтың сөзінше, әке-шешесін Риддердің шет жағындағы үйлерге апарып, өздері суық пәтерлерде шыдап шығуға бекінген. «Дала не, үй не – екеуі бір» деді.

Үйлердегі температураның әртүрлі болуына қатысты сауалға шаһар басшысы Дәулет Батырбаев жауап берді. Оның сөзінше, жылудың қайда кетіп жатқанын түсіну үшін «Өскемен жылу желілері» АҚ жөндеу-пайдалану қызметі Анықтау қызметімен бірлесе, екі үйді тепловизормен тексерді. Нақты айтсақ, Белинский көшесі, 25 және Гагарин көшесі, 20 мекенжайлары.

Зерттеу нәтижесінде, терезе блоктары мен шатырдағы жабындарда жылудың діттеген жеріне жетпейтіні анықталды. Екі мекенжайды есепке алмағанда, шенеуніктер жылу желілерінің ескіруінен үйлер суып кеткенін айтты. Ал Дәулет Батырбаев жуықта ғана төртінші қазандық іске қосылғанын алға тартты.