ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Рүстем Ақбалинның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында елдің әл-ауқатын көтеруге арналған кешенді шараларға кеңінен тоқталып, үкіметке нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы өз жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа моделін ұсынды. Яғни, бұл бағытта мемлекеттік қызметті қайта ретке келтіру қажет. Ол үшін реформа жүйелі түрде жүргізілмек. Бұл кадрлық мәселеге басты назар аударуды талап етеді. Жыл басынан әлемді алқымынан алған алапат індет қаншама мемлекеттерде адам шығынымен қатар, ел экономикасына ауыр соққы беріп, туризммен күн көріп отырған бірқатар мемлекеттерді дағдарысқа ұшыратты. Әлемдегі дағдарыстың салқыны біздің елдің экономикасына да өз әсерін тигізбей қоған жоқ. Әсіресе, шағын және орта кәсібін дөңгелетіп отырғандардың карантин кезінде табыс көзі едәуір азайған.Тіпті, амалсыздан жабылуға тура келген кәсіпкерлер саны көбейді. Президентіміз бұл олқылықтың орнын толтырып, шағын және орта кәсіпке мемлекет тарапынан 200 млрд тенге көлемінде қаржы қарастырылғанын айтты. Еліміздегі кәсіпкерлерге жасалған қамқорлық алдағы уақытта өз жемісін береді деп сенеміз», - дейді ол.
Рүстем Ақбалинның айтуынша, Президент жолдауында «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп ел ішінде резонанс тудырып, соңы үлкен шиеленіске апара жаздаған даулы мәселеге нүкте қойды.
Біз бұдан қоғамда белең алған күмәнді ойларға тоқтау болып, халық пен билік бір байламға келгенін байқаймыз. Пандемия барысында өз денсаулықтарын қатерге тігіп, әр науқастың өмірі үшін соңына дейін күрескен дәрігерлердің еңбегі орасан зор. Президент алдағы 2023 жылға дейін ақ халатты абзал жандардың жалақысы елдегі орташа жалақымен салыстырғанда екі есе көтерілетінін баса айтты. Бұл медицина саласына ғана емес, жалпы халыққа көрсетілген қамқорлық деп бағалауға болады.Себебі, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы елдегі медициналық қызметтің сапасын арттыруға түрткі болмақ. Жалпы, Президен жолдауын тыңдай отырып, елдің даму механизмін кадрлық мәселеге тікелей байланыстырғанын аңғарамыз. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлердің санын алдағы 2021 жылға дейін 15 пайызға азайтып, сапасын арттыруды толық қолдаймын. Себебі, елді жайлаған пандемия нақты елге нағыз қажетті мамандарды өзі-ақ сұрыптап берген секілді. Демек, біз қоғамға керекті кадрларға баса мән беруге тиіспіз. Бұл ретте жастар арасынан сұрасынқа ие мамандарды даярлау қажет. «Қазіргі жастар тез әрі оңай байып кеткісі келеді» деген сыни пікірін жасыра алмаған Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарды ең әуелі нағыз маман болуға талпынуға үндеді», - деді ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы.