С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Таза қол» мүсінінің тұсаукесері өтті

2695
көрілім

Қымқуыт қоғамда сәт сайын өзгеріс болып жатқан бұралаң мезеттерде жастар мен өскелең ұрпақтың дұрыс бағыт-бағдар алуына негіз болар орталық С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазір сыбайлас жемқорлық деген желімдей жабысар жағымсыз әрекет қоғам арасында кең етек ала бастауына қарай бірқатар жоспарлы жұмыстар қолға алынуда. Алынған бір бөлек те, соны жүзеге асыруда сөз бен істің қабысуы бір бөлек. Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшылығы мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген тізе қосып, студенттер мен оқытушылар үшін берері мол орталықтардың ашылуына мұрындық болды.

Департамент басшысы Ерлан Жалмағамбет өңірдегі іргелі оқу орындарында келер буынның қоғамдағы түрлі өзгерістерді көзбен емес көкірекпен көруге мүмкіндік алып, өздерін жаңашылдыққа бейімдейтін орталықтардың бірінен соң бірінің ашылуына жоғары бағасын беріп, ақжарма тілегін білдірді. Жиналған жұрт назары алдымен «Таза қол» мүсініне ауды.

Университет 2019 жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаны іске қосқан. Оқытушылар «Парасат» жолы орталығының ашылуы нәтижесінде адалдық қасиетін әр студент бойына сіңіруді мақсат еткендіктерін жеткізді. Олардың сөзінше, парасаттылықтың артында артында ұлттық мәдениет те тұр.

«Таза қол» мүсінін ұлы Абайдың адамгершілікке шақырар ізгі ойын аңғартар айрықша туынды десек әбестік болмас. Адам көңілін кір шалмаған абырай-беделі мен әр адамда бола бермейтін әділдік қасиетіне ие болуға шақырғандай. Бұл мүсін үш бөліктен тұрады: тұғыр, орта тұсы және қолдың тазалығын байқатар жоғарғы бөлігі. Мұның жобасын біршама күрделі әрі мән-мағына тұрғысынан тереңде жатқанын айта кеткен жөн, – дейді Дильназ Марат есімді студент.

Шымылдықашар сөз осы болды. Әлбетте кіріп келгенде көз тартар мүсін хақында жанарынан жалын шашқан жастың ойы көпшілік үшін қысқа да нұсқа, әрі дөп айтылған еді. Бұдан соң сөз кезегін Ерлан Нағашбайұлы осындай салтанатты шара ұйымдастырып, оны жан-жаққа жария ету үшін ғана емес, ізгілікке шақырар орталықтардың көбірек ашылып жатқаны үшін білім ошағындағы зиялы қауым өкілдеріне алғысын жеткізді.

– «Таза қол» мүсіні былтыр ғана жоба жүзінде таныстырылған еді. Бұл жолы ойдағы дүние іске асырылып отыр. «Студенттер – біздің болашағымыз» дегенді жиі айтамыз. Мұндай бастаманың тәрбиелік мәні орасан. Ендігісінде еліміздегі өзге де университтер осы қадамды жалғастырып жатса, ұрпақ тәрбиесі үшін бас қатырған әрбірі үшін жетістік болар еді, – деді Ерлан Жалмағамбет.

«Open space» ашық технологиясы да жаңашылдықтың бір көрінісі. Күнделікті оқу барысында студенттер үшін таптырмас зат деуге болады. Бұл жайында Заңтану мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар кеңінен баяндады. Аталған технология 2018 жылдан бері «PARASAT» студенттерге қызмет көрсету орталығында жұмысын бастаған. Бұрын студенттер мамандар көмегіне жиі жүгінсе, қазір осы технология арқылы оқу үлгерімі жайлы транскриптті қалаған уақытында шығарып ала алады. Иә, «Open space» түрлі қадамдарға жол ашып, індеті іргеде жүргенде жүзеге асырылған сәтті қадамдардың бірі болды. Мұнда студент мобильді қосымша арқылы түрлі анықтамаларға қол жеткізе алады. Оған қоса, әрбірі ректор блогына өздерін толғандырған сауалдарын тікелей жолдауға еш кедергі жоқ.

– Студенттердің өтініш-шағымына қашан да түсіністікпен қараймыз. Егер әлденеге көңілдері толмаса, онда бір жерде біз жұмысымызды дұрыс атқармаған болармыз. Кейде шағымдардың өздері оқытушылар мен мамандарды кәсіби тұрғыда шынықтыра түседі, – десті университеттегілер.

Ал сырты шынымен жабылған «Open university» кабинетінде өзіне-өзі қызмет ету мүмкіндігі қарастырылыпты. Ата-аналар келіп деканатқа байланысқа шыққылары келсе кезек күтпей-ақ осы жерде туындаған мәселе төңірегінде еркін диалог құра алады. Әлдене түсініксіз болса Шыңғыстай көмекші жастар қашан да қолұшын беруге әзір.

Бұдан соң жұртшылық «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтында сирек кітаптар қорынан қойылған шығармалар да меймандардың айрықша қызығушылығын тудырды.

 

Бұл ретте облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай, қалалық мәдениет, ішкі саясат, және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин, белгілі орнитолог Борис Щербаков сынды қонақтар білім ошағының бастамасына оң бағасын берді.

– Жыршы-жыраулар, қазақ интеллигенциясы қалдырған өсиет сөздерді қазіргі буын көкейлеріне берік тоқулары тиіс. Осы университеттегі әр оқытушы ұрпақ тәрбиесі деген ұғымды терең түйсініп, тек адал жолмен жүруді нұсқап келеді. Білім мен тәрбие құстың қос қанаты іспетті. Білімді болып, тәрбиесіздігін көрсетіп жататын сәттер де кездеседі. Сол себепті, тәрбие де әр адамның санасына терең сіңуі тиіс, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.