Аз уақыт ішінде республикадағы жетекші оқу орындарының біріне айналып үлгерген С.Аманжолов атындағы университеті халықаралық рейтингілерде де жағдайын жақсартып алды. Жуықта білім ордасының ректоры Мұхтар Төлеген брифинг өткізіп, 2023 жылды қорытындылады. Бірнеше бағытты тілге тиек етті, барлығында ілгерілеу байқалады. Биылға қойған жоспарының ішінде педагогтерді даярлау ісі басшылыққа алынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Біліктілікті арттыру – бірінші орында
Жуықта сайт тілшісі брифинг барысынан тек 1-2 ақпаратты қысқаша ұсынған болатын. Бұл жолы ректор бөліскен мәлімет толығырақ қамтылды. Сол жиында алдымен ресми мәліметтер ұсынылды. ҚР Білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мектептерінде 3 мыңға жуық мұғалім жетіспейді. Күрделі кадр тапшылығы орта білім сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бүгінде қабілетті жастарды оқытуда тек ірі қалалардағы университеттерге иек тарту қандай да бір дамуға әкеле қоймас. Сол үшін де Президент өңірлердегі білім ошақтарының аяқ алысына үмітпен қарайды. Осы жайттарды ескерсек, өңірдегі ең ірі университет саналатын С.Аманжолов атындағы ШҚУ түрлі салада ұстаздар дайындап, жалпыұлттық маңызы бар мәселені шешуге атсалысуда.
– Былтыр Шығыс Қазақстан облысында педагогикалық кадрларға қажеттілік 230 адамды құрады. Сол жылы біз 689 дайын маман шығарып, облыстағы, тіпті Қазақстанның басқа өңірлеріндегі қажеттілікті толықтай өтедік, – деді Мұхтар Төлеген.
Оның айтуынша, облыс бойынша Аманжолов атындағы университет үздіксіз педагогикалық білім беру орталығы болып саналады. Өйткені, оқу орны 32 білім беру бағдарламасы бойынша оқытады. Ғылымға да айтарлықтай мән берілуде. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2017 жылы ғылымды қаржыландыру сомасы 110 млн теңге болса, бүгінде 3,5 млрд теңгеге дейін жеткен.
– Әлбетте, аз қаржы емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің қолдауымен қаражат бөлу ашық түрде іске асырылып жатыр. Аманжолов университетінің ғалымдары бүгінге дейін 113 ғылыми жоба ұтты. Оның ішінде, екеуі коммерциялизациалау бойынша. Коммерциялизациалау дегеніміз – нарыққа шығарылатын нақты өнімнің болуы, – деді Мұхтар Әділбекұлы.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ мамандары мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оларды мектепке дейінгі мекемелерден бастап колледждерге дейін қайта даярлау курстарын жүйелі түрде өткізіп тұрады.
– Үздіксіз білім беру жүйесі – эрудитті, сауатты, озық ұрпақ тәрбиелеудің басты кілтінің бірі екеніне сенімдіміз. Ұстаздар балаларымызға білім бере отырып, өз білімдерін жетілдіруді ұмытпауы керек. Бүгінде біз сегіз бағыт бойынша педагогикалық қайта даярлауды жүргіземіз. Бізден түлеп ұшқан 100 маман қазір бізге жаңа біліммен оралды, – деді университет басшысы.
Сонымен қатар, бүгінде арнайы мұғалімдерді қажет ететін ерекше балалардың қарқынды түрде дамуы байқалады. Инклюзивті орта үшін кадр даярлауға маманданған аймақтағы жалғыз университет С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Ерте қолдау педагогикасы» білім беру бағдарламасын жүзеге асырды. Ол ерте даму ерекшеліктерін бағалау және оңалтуға арналған. Мұның алдында ШҚУ доценті Светлана Стельмах туған кезде әртүрлі кемістігі бар балалардың 2%-ы ғана анықталса, 8-9 жасқа дейін мұндай балалардың саны 10%-ға дейін артқанын айтқанын болатын. Айтуынша, бұл балалардың 8 пайызына диагноз қойылмағанын және ерте көмек алмағанын білдіреді.
Кадр тапшылығы байқалмайды
Екіншіден, сұранысқа ие Эргопедагогика мамандығы Церебральды сал ауруы және тірек-қимыл аппаратының басқа да ақаулары бар балалармен жұмыс істеуге бағытталған. Түлектер балалардың іс-әрекетін дамыту бағдарламаларын әзірлеумен және қолдаумен айналысады.
– Жаңа заманғы мұғалімдер қазіргі шындыққа бейімделуі керек. Сондықтан жаңа бағдарламалар енгізілуі тиіс. Бүгінде университет «Педагогтардың білім беру әлеуетін күшейту» жобасы аясында 30 инновациялық білім беру бағдарламасын әзірлеу арқылы жұмыс тобының қатарында. Алдағы уақытта «Оқыту бағдарламаларын жобалау», «Білім берудегі зерттеулер» және т.б. қажеттіліктерді енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді білім ордасының басшысы.
Осылайша, Аманжолов атындағы университет оқу-педагогикалық жағынан бірқатар мәселенің түйінін шешіп отырған білікті ортаға айналып отыр. Мұхтар Төлегеннің сөзінше, қазір өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, оның жетеуі биыл қолданысқа беріледі. Қалған үшеуінің құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс.
– Университетімізде педагогикалық бағытта білім беру басымдыққа ие. Жоғарыда аталған мектептерді оқытушылармен қамтамасыз ету мақсатында қажетті мамандарды дайындап отырмыз. Кадрларды даярлау мәселесі бойынша бірнеше бағыт бар. Аманжолов университетінде педагогтерді даярлаумен қатар, гуманитарлық, экономикалық бағыттарда қабілетті жастар білім алуда, – деді Мұхтар Әділбекұлы.
Жауапты тұлға сөз арасында республика көлемінде көпсалалы университеттер арасындағы рейтингіге тоқталды.
– Сол рейтингіде біз топ 5 білім ошағына ендік. Нақты айтсақ, 4-ші орындамыз. Атамекен палатасы сандарды сөйлеткенде, біздің университеттегі 26 білім беру бағдарламасы ондыққа енді. Жұмыспен қамту жағы 98 пайызды құрады. Студенттер 1-ші курстан бастап іс-тәжірибеден өтіп, алдын ала әзірлік жүргізеді. Ал 3-ші курстан бастап болашақ жұмыс орындарының есігін ашады. Сол жақта тәжірибе жинақтап, диплом алған уақытта дайын маман иесі болып шығады. Қаламызда ірі-ірі кәсіпорындар бар. Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты, Қазцинк, KazMinerals, Ұлттық ядро орталығы және тағы басқасымен тығыз байланыстамыз, – деді ректор.
Брифинг барысында журналистер қойған бірқатар сауалға жауап берді. Соның бірі – оқытушылардың жалақасын қамтыды. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл көрсеткіш 330 мың теңге деген межеге жетті. Мұхтар Әділбекұлының ақпаратынша, мұндай көрсеткіш Ұлттық университеттермен бірдей.
– Өңірлерде осындай жалақының бекітілуі – жүйелі жұмыс нәтижесі. Мен келген кезде лаборанттар 27 мың теңге алса, қазір 180 мың теңге. Ғалымдардың айлығы олардың ұтып алған ғылыми жобаларына байланысты. Профессорлар 500 мың теңгедей, доценттер 400 мың теңгедей алады. Ал оқытушылардыкі – 300 мың теңге. Орташа алғанда, 330 мың теңгені құрады. Айта кетерлік жайт, қазір бізде кадр тапшылығы мәселесі жоқ. 2018 жылы жұмыстан кетушілер легі көп болса, қазір жағдай тұрақталды, – деді ректор.
Әділхан ЕСІМХАНОВ