Салық халықтың ақшасы екендігін есте ұстау керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
- Фискалды саясат байыпты түрде жаңғыртуды қажетсінеді. Оның басты міндеті - бюджет кірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және ұлттық табысты әділ бөлу, экономикалық өсім құрылымы мен сапасын жақсарту. Жаңа салық кодексі, жаңа кеден кодексі қабылданып, қолданысқа енгізілді. Үкіметке еркін экономикалық аймақтарды басқару өкілеттігі берілді. Қандай нәтижелеріміз бар? - деп тоқталды Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің айтуынша, белгілі бір саланың дамуындағы проблеманы шешу үшін салықтық жеңілдіктерді қолдану жаппай әдетке айналған.
- Әрине, саланы жүйелі түрде дамытуға, өткізу нарықтарын құруға, салалық реттеуді жөнге келтіруге қарағанда салықтық жеңілдіктер беру жеңіл әрі жылдам. Бірақ, салық халықтың ақшасы екендігін есте ұстау керек. Оның есебінен жалпы мемлекеттік ұзақмерзімді тапсырмалар, қорғаныс, медицина, білім беру және басқалары орындалады. Салықтық жеңілдікті жекелеген салалар мен кәсіпорындар алып отыр, - деді Мемлекет басшысы.