Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант бар сусындарға акциз енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы сенат кулуарында денсаулық сақтау вице-министрі - Қазақстанның мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда семіздік, қант диабетімен ауырғандар көбейген. Сонымен қатар, семіздікке шалдыққан балалар да артып барады.
– Артық дене салмағы – бұл созылмалы аурулардың дамуының алғышарты. Бұл ретте біз жарты литр "Кока-Кола" құрамында, егер мен қателеспесем, қанттың 10 тәуліктік дозасы бар екенін көреміз. Шартты түрде бала кола ішіп, он есе көп қант тұтынады. Сондай-ақ, біз қантты барлық өнімдермен алатынымызды білеміз", - деп түсіндірді Есмағамбетова.
Ол Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі бұл норманы өзі ойлап таппағанын атап өтті – бұл ДДҰ ұсынымы. Мұндай акциздер көп елде енгізілген.
– Қант қосылған сусындарға салынатын салықтар тұтынуды азайтуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі. Әрине, бұл шараларға қосымша таңбалауды енгізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын міндетті жүргізу және ең бастысы, балаларда тамақтану әдеттерін қалыптастыратын ата-аналармен жұмыс істеуін жатқызуға болады, - деп толықтырды вице-министр.
Айжан Есмағамбетова тамақтану әдеттері бес жасқа дейінгі балаларда қалыптасатынын атап өтті. Сондықтан бұл мәселеде ата-аналардың өздері, отбасы ішіндегі және одан тыс тамақтану ережелері маңызды.