Жыртқыш Самар ауданына қарасты Көкжота ауылындағы тұрғынның қорасына түскен, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Әкімдіктің ақпаратынша, белгісіз аң Болғанбаев көшесінде тұратын Еділхан Сарбасов есімді азаматтың 15 бас қойын өлтіріп, 10 басын жаралады. Көкжоталықтардың сөзінше, қаңғыбас ит болуы мүмкін емес. «Олар әдетте өлі малға ауыз салады» деді.
Аталған елдімекенге аудан басшысы Нұрлан Махамбетов, ауылдық округ әкімі және жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері барып, жағдайдың ақ-қарасына үңілді. Олардың айтуларынша, малға ойран салған жыртқыш қораға есіктің түбін қазып кірген.
– Сілеусін (рысь) шығар деп топшылаудамыз. Қасқыр болса қойларды жарып кетер еді, ал бұл тек қанын ішкен. Жаралы 10 қой да бауыздалды, – деді әкімдік өкілдері.
Анықталғандай, барлығы ауылдағы мал өлексесін көмуге арналған орынға көміледі.
– Өйткені аңның сілекейінде қауіпті аурулар болуы мүмкін. Қазір ауылдық округ әкімдігі келтірілген шығынды есептеп жатыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.
Кей тұрғындар «егер қанын ішіп кетсе, мұны істеген қарабауыр болуы ғажап емес» дегенді де айтты.
(Фото-видео аудан әкімдігінің парақшасынан)