Самар ауданында боранда адасып кеткен екі балықшы аман-есен табылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
9 қаңтар күні сағат 17.00 шамасында Самар аудандық полиция бөліміне Өскемен қаласының тұрғыны хабарласты. Өз сөзінде ол балық аулауға кеткен күйеуінің сол күйі оралмағанын жеткізді.
«Анықталғандай, ер адам 7 қаңтарда досымен бірге Самар ауылынан 35 шақырым жердегі Бұқтырма су қоймасына балық аулауға кеткен. Жоғалғандарды іздеуге аудандық полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің жеке құрамы, жол тазалаушы ұйымның 2 техникасы жұмылдырылды. 8 сағатқа созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған жігіттер аман-есен табылды», - делінген аудандық ПБ таратқан ақпаратта.
Балықшылардың айтуынша, олар ауа райының нашарлауына байланысты қайтуға бел буған. Алайда қарлы бораннан жол таппай адасып қалған.
Ер адамдар Самар ауылына жеткізіліп, сондағы жатақханаға жатқызылды.