Жоспарлы жұмыс салдарынан тұтас ауыл тұрғындары жаңалықтан қол үзіп, күнделікті тамашалайтын бағдарламаларынан алшақтады. Самар өңіріне қарасты Көкжыра, Құлынжон ауылдары аумағында жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, содан округ жұрты ақпарат ести алмай әлек болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қос ауылдың шешілмеген мәселелері бір төбе, жуықта болған жағдай жығылғанға жұдырық іспетті. Дегенмен аудан әкімі Раджан Сейтқанов осыған дейін өткен брифингте қар сөгіле барлық түйтікілдер рет-ретімен шешімін табатындығын мәлімдеген болатын. Бейресми дерекке сүйенсек, Көкжырадағы жастар үлесі Құлынжонмен салыстырғанда біршама аз. Көбі зейнеткерлер мен орта жастан асқан азаматтар мен нәзік жандылар.
– Егде жастағы адамдардың ермегі – газет-журналдар оқып, жаңалықтар көру ғой. Әлемдегі саяси ахуалдар сәт сайын шиеленісіп, мемлекеттер арасындағы түрлі келіссөздер, өзгерістер бізді де қызықтырмай қоймайды. Бір жерден ақау шықты ма, жөндеу жүріп жатыр ма, еш ескертпеді, – деді Көкжыра жұртының атынан сөз алған зейнеткер Гүлбану Байханова.
Жағдайды аудан әкімдігінен біліп көрдік. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиевтің сөзінше, жағдай аз уақытта реттеледі.
– OTAU TV-дың мұнарасында үш күннен бері жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Амандық болса, бүгін кешке, үлгермесе ертең таңертең қосады. Ауылдастардың WhatsApp-тағы тобына жазылған болуы керек. Біздегі ақпарат бойынша мұнарада әлдеқандай ақау шыққан, – деді бөлім басшысы ақпан айының 28-і күні ұсынған мәліметте.
Әділхан ЕСІМХАНОВ