Самар ауданында оқушылар дене шынықтыру пәнін мектеп дәлізінде оқуға мәжбүр

117
көрілім
Фотосуреттерді Таунар Қайрат ұсынды

Тағы да Самар ауданына қарасты мектептердің біріндегі дау-дамай. Миролюбовка ауылындағы орта мектептің спорт залы жөнделген соң олқылықтар байқалып, ата-аналар наразылығы жиілеген. Мектеп директоры «мұндай ырду-дырду боларын білгенде жұмыстың басталуына жол бермес едік» деді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Мердігер қателігін мойындамайды»

Қазір мектеп басшылығы спорт залды жөндеген мердігермен соттасып жатыр. Жұмыстың сапасыз орындалғанына ата-аналар да риза емес. Олардың ойынша, еденінен сыз тартып, жылыту батареясын жауып тұратын тордың талапқа сай келмеуі балалар үшін қауіпті. Спорттық жарыстар өткізу мүмкін емес, себебі кез келген уақытта жарақат алулары ықтимал. Ата-аналар комитетінің төрайымы Лейла Төлегенованың сөзінше, спорт залда көгерген иіс шығады, тақтайлардың арасы тым алшақ.

– Директор мердігермен бір ымыраға келуге талпынып көрді. Бірақ оның ойы басқа, олқылыққа жол бергендерін мойындамайды. Жағдай қиын. Үнемі балаларымыз үшін алаңдаумен жүреміз, – деді ол.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, мектеп 1971 жылы салынған. 70-тен астам оқушы білім алады. Спорт залдың жағдайы көпті алаңдатқан соң дене шынықтыру пәні кестесінде де өзгеріс бар. Уақыты емес, өткізілетін орнына байланысты. Мектеп директоры Жанат Болатбекқызының сөзінше, сабақ мектептің кіреберісінде өтеді. Сол үшін үстел теннисіне арналған үстел орнатылыпты. Екі оқушы ойнап жатқанда, басқалары кезектері келгенін күтумен болады.

– Спорт зал еденіне төселген ағаш материалдар ескі. Төсеген кезде су болды. Шегелері шығып, ісініп кеткен. Спорт залға кірер есік те бұрын қолданылған материалдан әзірленді. Мұны білгенде жөндеуге келісім бермес едім. Бұрынғы едені әлдеқайда мықты болатын, – деді мектеп директоры.

Өткен жылдың жазында Миролюбовкадағы мектептің спорт залына «MEGA STR» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, тендерді 2023 жылдың наурыз айында ұтты. Сөйтіп, аталған компания 6 млн 680 мың теңгеге бәрін «қатырамыз» деген. Сәуір айында келісімшартқа қол қойды. Мердігер жұмысты шілде айының 25-не дейін аяқтауы керек еді, бірақ үлгермеді. Содан тамыздың 28-не дейін создырды. Мектеп басшылығы мәліметінше, мерзімді создырғанның өзінде жұмыс тәмамдалмады. Содан директор мердігерді сотқа берді. Бірінші сатыдағы сот шағымды орынды деп санап, алғашында айыппұл салды.

Шешім шығаруды сотқа қалдырды

«MEGA STR» ЖШС өкілдерінің айтуларынша, олардың тарапына айтылған шағым мен пікір орынсыз. Себебі олар, барлығын толыққанды ауыстырып, жөндеді. Көгеріп кетуін сол кезде тоқтаусыз жауған жаңбырмен байланыстырды.

– Ылғал сіңіп кеткен. Біздің компания ақауды реттеп беру үшін бірнеше мәрте ұсыныс білдірді. Себебі, бастапқыдағы кем-кетікті қандай да бір құжаттарсыз, дереу қалыпқа келтірген едік. Спорт зал едені біздің кепілдігімізде. Оны қадағалап отырамыз. Құрылыс материалдарына келсек, мемлекеттік талаптарға сай деп есептейміз. Ал мектеп тарапы білдірген наразылыққа сот шешім шығара жатар, – деді «MEGA STR» ЖШС бригадирі Бақытбек Болатбекұлы.

Ата-аналардың бірі немересі волейбол үйірмесінен қалмасын деп 17-18 шақырым жердегі Самар ауылына апарып, алып келіп жүргенін жеткізді. Осыған дейін өз ауылындағы спорт залдың ыңғайлы болғанын, енді көрші ауылға барып, сағаттап күтетіндігін айтты. Қысқасы, салғырттықтың салдары бәріне сезіледі.

Аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашевтің сөзінше, мердігер мен орта мектеп басшылығы әу баста еден мен терезелерді ауыстыруға уағдаласқан. Жұмыс маусым айының 20-ы күні басталды. Ал уақтылы аяқтамауының бір себебі – құрылыс материалдары жетпепті.

– Ол жаққа арнайы комиссия да, аудан әкімі де барды. Едендегі ақауды көргенде оны жою туралы ескерту айтылды. Сабақ басталғалы балалар дене шынықтыру пәнін дәлізде, мектеп ішінде өткізіп келеді, – деді Қайдар Сәйкенұлы.

Кикілжің соңы немен тынары белгісіз. Әзірге оқушылар дене шынықтыру сабағында үстел теннисінен кім мықтыны анықтап, шахмат ойнап жүр.