Самар ауданында «Үлгілі үй» байқауының жеңімпаздары анықталды

247
көрілім

Самар ауылдық округі мен Мәдениет үйі ұйымдастырған «Үлгілі үй» байқауының жеңімпаздары анықталды. «Таза Қазақстан» акциясына атсалысқан жанұялар арнайы сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, жуықта Самар ауылындағы Самарға 100 жыл көшесінің белгілі бір бөлігіне «Үлгілі үй» байқауы жарияланған болатын.
Байқаудың талабы бойынша тұрғындар 13 сәуірден 11 мамыр аралығында өз аулаларының тазалығын қамтамасыз етуі тиіс. Ауланы, қоршаудың сыртқы жағын тазалау, қоқыстарды шығару, сынып жатқан қоршауларды жөндеп, қалпына келтіру және де ағаш, гүл егіп отырғызу, үйлерінің сыртын әктеу, терезелерін бояу жұмыстарын жүргізуі қажет болатын. Нәтижесінде арнайы комиссия жеңімпаздарды анықтап шықты.


– Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша жалғасып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене ат салысып, ауылымыздың тазалығына, көркеюіне өз үлесін қосқан жандар аз емес. Адам – табиғаттың төл перзенті. Осы орайда тазалықты өз ауласынан, айналасынан бастап, көпке үлгі болып, байқауының жеңімпазы атанған отбасыларға  алғысымды айтамын! – дейді Самар ауылы Мәдениет үйінің директоры Дархан Рамазанұлы.
Байқаудың жеңімпаздары да дән риза. Айта кетейік, жарыс ауылда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
– Тазалық ең бірінші өзіміз үшін жасалатын жұмыс. Жылда ауламызды сәндеп, таза ұстауға тырысамыз. Себебі балаларымыз, немерелеріміз келеді. Шараның ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз, – дейді байқау жеңімпаздарының бірі.