Самар ауданында жас балуандар белдесті

291
көрілім

Жуықта Самар ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен 2011-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында аудан әкімінің жүлдесіне арналған облыстық турнир өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Спортты жанына серік еткен жас балуандар боз кілемде белдесті. Бір-бірімен күш сынасқан дода ерекше тартысты өтті. Бірыңғай кілең мықтылар жиналған. Көрермендер арасында еркін күресті дамытуға атсалысып жүрген спорт ардагерлері де болды. Олар жас балуандарға сәттілік тіледі.  
– Ойын өте тартысты өтіп жатыр. Спортшыларымыз бір-біріне дес берер емес. Осы жарысқа ұзақ дайындалдық. Облыстық турнир болғандықтан жан-жақтан спортшылар көп жиналыпты. Додаға енді қосылып жүрген шәкірттеріміз үшін бұл үлкен тәжірибе деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз, – дейді жаттықтырушылардың бірі.
Жарыстың тартысты өткені соншалық, көрермен боз кілемді айнала қоршап алған. Барынша жанкүйерлік етіп, қолдау көрсетуде. Ал жас балуандар ширақы қимылдап, әдіс-тәсілімен қарсыласынан басым түсуге тырысуда.
– Осы жарыс келешек ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың талабын шыңдайды деген үміттемін. Өйткені жарыс шынымен де тартысты өтті. Жасөспірімдер арасында өтсе де, бір-біріне оңайлықпен берілмеді. Сонымен қатар көршілес аудан, ауылдардың спортшыларымен достық қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік болды. Мақсатымыз – жастарды спортқа баулып, еліміздің намысын қорғайтын азамат тәрбиелеу, – дейді Самар ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жандос Серікұлы.
Айта кетейік, облыстық турнирге Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарынан 12 команда қатысты. Атап айтар болсақ, Абай облысына қарасты Көкпекті, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Алтай, Самар, Шемонаиха аудандары, Өскемен мен Риддер қалалары.
Жарыс соңында жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар беріліп, қаржылай жүлде үлестірілді.
Команда бойынша 1-орын кубогы, 50 мың теңге сертификатына – Зайсан қаласы, 2-орын кубогы, 30 мың теңге сертификатына – Самар ауданы, 3-орын кубогы, 20 мың теңге сертификатына Риддер қаласы ие болды