Самар ауданында Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен 2011-2019 жылы туған балалар арасында тұңғыш рет жүзуден жарыс өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан деңгейінде өткен жарысқа 50-ге тарта жасөспірім қатысты. Тартысты өткен бәсекеде жас спортшыларымыз бар өнерін салды. Спорт мектебінің директоры Жандос Серікұлының айтуынша, балалар осыған дейін де аудандық, облыстық жарыстардан жүлделі қайтып жүр.
– Балалардың дайындалғанына бір жыл ғана болды. Соның өзінде облыста өткен жарыстардан жүлделі оралып жүрді. Ерекше бір айта кететіні, жүзуден үйрететін жаттықтырушыларымыз – өте тәжірибелі, білікті мамандар. Осы бастан алдағы болатын республикалық жарыстарға спортшыларымызды дайындап жатырмыз, – дейді Жандос Серікұлы.
Жарыс басталмас бұрын қатысушыларға тәттілер таратылып, бапкерлері сәттілік тіледі. Жас спортшылар үш түрлі әдіспен жүзді: біріншісі – еркін жүзу, екіншісі – брасс, үшіншісі – шалқалап жүзу.
– Біздегі бассейннің 4 жолағы бар, ұзындығы 25 метр. Алғашқы санаттағы екі топ үш түрлі әдіспен 50 метр қашықтықта жүзді. Олар: 2011-2014 жылы туғандар арасындағы қатысушылар. Ал екінші санат – 2015 және одан кіші, олар 25 метрге жүзді. Балалардың көрсеткіш нәтижелері өте жақсы, – дейді жаттықтырушы Гүлнар Мұхтаржанқызы.
Балалар судағы балықтай бассейнде еркін жүзді. Жарыс соңында жеңімпаздар медальмен марапатталды.
Осылайша, Самар ауданының спортшылары спорттың барлық түрі бойынша ілгерілеп келеді.