Самар ауданындағы Мариногорка ауылының тұрғындары биыл Наурызды ерекше атап өтті

602
көрілім

Ұйымдастырушылардың айтуларынша, биылғы Наурыздың жөні бөлек. Алда дәстүрлі түрде атап өту жоспарланған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мариногорка орта мектебінің ішіндегі «Қош келдің Әз-Наурыз» деп жазудан мерекенің лебі білім ошағына кірмей жатып сезілді. Алдымен мектеп директоры Талғат Қасаинов құттықтау лебізін білдіріп, ауызбіршілік танытқан ауыл жұртына алғысын жеткізді.

- Ауданнан, қожалықтардан қонақтар келіп, мерекелік концерттің куәсі болды. Білім бөлімінің әдіскерлері де зер сала тамашалады. Ауылдағы қарт адамдарға сый-сыяпат көрсетіп, шараның барынша қызықты өтуін ескердік. Жұрттың жүзінен күлкі көру бізге зор қуаныш, - деді мектеп директоры.

Мариногоркада ақшанқан киіз үй тігіліп, нәзік жандылар буы бұрқыраған көже пісірді. Наурыз мерекесі мектептің спорт залында атап өтілді. Барынша безендірілген жерде ақ кимешек киген әжелер шашу шашты.

- Шара барысында Жер ана жеті шырақ жағып, жамандықтардан сақтау үшін аластау рәсімін орындады. Қыдыр ата батасымен мерекеміз әрі қарай жалғасып, ұлттық салт-дәстүрден («Беташар», «Тұсау кесу», «Сүйінші») көрініс көрсетіліп, көрермендер оқушылар биін тамашалады, - деді ұйымдастырушылар.

Талғат Қасаинов осы шараның өз деңгейінде өтуіне сүбелі үлес қосқан мектеп ұжымы мен әріптестерінің еңбегін атап өтті. Бастысы, барлығы дән риза болған. Ұстаздар келесі жылы да осылай тойлатуды жоспарлап отыр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ