Техникалық сипаттамада мемлекеттік мекеменің оны қандай мақсатпен сатып алғысы келетіндігі көрсетілмеген, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Шенеуніктер видеоконференция үшін бе, отырыстан трансляция тарату ма немесе мемлекеттік арнадан арнайы бағдарламалар көру керек пе – оны жазбады. Әйтсе де мемлекеттік сатып алу құжаттамасында оның параметрлері көрсетілген. Соған сүйенсек, әкімдік өкілдері қажет затының нақты қандай болуы керектігін жете түсінбеген сияқты. Әйтеуір шартында теледидар қалай болған күнде де Smart TV технологиясымен жабдықталуы тиіс екендігі жазылды.
Самар ауданы әкімі аппаратының ақпаратынша, мемлекеттік сатып алу конкурсында диагональ ұзындығы 109,2 сантиметрден кем болмауы тиіс LED теледидар алу жөнінде конкурс жарияланды.
«Соған сәйкес, алғашқы бағасы 120 мың теңге деп бекітілді. Алайда аталған лотты жариялау кезінде мемлекеттік сатып алу порталында ақау шығып, 1 200 000 теңге деп қате жазылып кетті. Оны байқаған бойда жарияланған лотты алып тастадық», – делінген мәліметте.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, сандарды жазуда жаза басқан маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды.