Облыс әкімі Ермек Көшербаев осының алдында ұйымдастырылған отырыстардың бірінде Самар ауданында туризм мен ауыл шаруашылығына, оның ішінде егістікке ерекше мән берілуі тиіс екенін баса айтқан болатын. Әкімдік соны негізгі алып, жұмыс істеп жатырмыз деді. Бірақ өзге аудандардағыдай бұл жақта да созбалаңға түскен шаруалар жетерлік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Туризм тетігін қарастыруда
Ауыл шаруашылығы бойынша, қожалықтар техникаларын жаңартып, бұл мақсатта 356,2 млн теңге жұмсапты.
– Аудан халқының табысын арттыру басшылыққа алынды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Ауыл аманаты», «Іскер» бағдарламалары бойынша 165 млн 200 мың теңгеге 26 өтінім қаржыландырылды. Осы арқылы ауыл халқының табысын арттыруды жоспарлап отырмыз, – делінген мәліметте.
Туризмге қатысты ұсынылған ақпарат сол, Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы 1030 демалыс үйінде 2220 адамға арналған төсек-орын бар. Былтыр ол жерде 20 мыңнан астам адам келіп тынығыпты. Осы қарқынды арттырып, жоспардан шашау шығармас үшін 95 млн теңгеге «Сарыбел – Васильев өткелі» облыстық маңызы бар жолының 40-169 шақырым аралығы жөнделген. Ресми ақпаратқа сәйкес, Сарыбел маңында ауқымды жұмыс жүргізу үшін инвестор өз жобасын ұсынып, әкімдік оны мақұлдаған.
Денсаулық сақтау саласы бойынша маман тапшылығы байқалады. Нұрлан Махамбетовтің сөзінше, аудан мекемелері бойынша офтальмолог, анестезиолог, онколог және дерматолог маман керек. Былтыр ана мен бала өлімі тіркелмеді.
Баяндамаға зер салсақ, Самар ауданы бойынша тұрғындардың 82 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Яғни, 18 елдімекен. Осы жерде аудан басшысы сиырқұйымшақтанып кеткен шаруаларға қысқаша тоқталып өтті. Естеріңізде болса, 2019 жылы төрт ауылға су құбыры желісі тартылды. Бірақ Аққала, Құлынжон, Көкжыра және Көкжота елдімекендері соның игілігін әлі көре алмай отыр. Кейбірі мүлде күдер үзген. Шенеуніктер шектен шығып, қаржыны қалтаға басты ма, әлде ақыр соңында бәрі түзеле ме деп күмәнді ойдың жетегіне жүр.
– Бүгінде ол құбырлар арқылы таза ауызсу ақпайды. Мұның бір себебі, жауапты тұлғалар мен мердігер мекемеге қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Биыл су құбыры желілерін іске қосу үшін жөндеу-қалыпқа келтіруді қолға алмақпыз, – деді Нұрлан Махамбетов.
Самардың өзінде де жағдай мәз емес. Мұндағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту үшін былтыр 693 млн теңге бөлінген. Басым көбі тәмамдалып, азын аулақ бөлігі осы жылдың еншісіне қалды. Аудан орталығындағы 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйге қатысты тұрғындар санасында күдік болғаны рас. Былтыр облыс әкімі Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен арнайы барып, аталған нысан жағдайымен танысып қайтты. Ол да тұрғындарды баспанамен қамту кенжелеп қалмау керектігін айтып, Нұрлан Махамбетовке нақты тапсырмалар берді.
Зауыт салына ма?
Анықталғандай, осы уақытқа дейін көбі күдіктене қараған нысан бойынша 22 пәтер сатып алынды, жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, ауданды дамыту мақсатында биыл 2,2 млрд теңгеге 34 жобаны іске асыру көзделген. Ресми ақпаратқа сәйкес, биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 10 үй салу жоспарланды. Оған 96,6 млн теңге бөлініпті. Биылға қойылған жоспардың қалғанын кесте түрінде ұсынуды жөн көрдік.
№ |
Ауыл атауы |
Атқарылатын жұмыстар |
Бөлінген қаржы |
1 |
Аққала |
Жарық бағаналарын орнату |
30,1 млн теңге |
2 |
Бастаушы |
Төле би, Қабанбай және Тұрар Рысқұлов көшелеріне жарық бағаналарын орнату |
20,4 млн теңге |
3 |
Бастаушы |
Пионерская көшесіндегі дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізу |
67,3 млн теңге |
4 |
Көкжота |
Жарық бағанасын орнату |
6,9 млн теңге |
5 |
Құлынжон |
Көше жолдарын орташа жөндеу |
137,4 млн теңге |
6 |
Көкжыра |
Ауылға кіреберіс 3 шақырым жолды орташа жөндеу |
102 млн теңге |
7 |
Қараөткел |
Кірберіс жолға бес шақырым жолды жөндеу |
260 млн теңге |
8 |
Мариногорка |
Көше жолдарын орташа жөндеу |
50 млн теңге |
9 |
Жұмба |
Жұмба негізгі мектебі ғимаратында терезе жақтауларын жөндеуге |
11,5 млн теңге |
10 |
Құлынжон |
Балалар алаңын орнату |
14 млн теңге |
11 |
Көкжыра |
Балалар алаңын орнату |
14 млн теңге |
12 |
Раздольное |
Көшелерді жарықтандыру |
8 млн |
Бұдан бөлек, Жаңажол елдімекенінде де 8 млн теңгеге балалар алаңы орнатылмақ. Ресми ақпараттар легі осындай. Жиын соңына қарай Құлынжон ауылының іргесінде алтын өндіретін зауыттың салынуы бойынша әкімге сұрақ қойылды.
– Жуықта осыған қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Менің ойым, ауданға инвестиция келсе, кім қарсы болады? Десе де барлығы заң аясында шешіледі деп ойлаймын, – деді Нұрлан Мұхтарұлы қысқа қайырып.
Көкжыра ауылы биыл таза ауызсуға қосылады деп баса айтты. Дегенмен газеттің өткен нөмірінде жазылған Қойтас ауылы туралы ұсынған жауабы жабырқатты. Айтуынша, елдімекенге кіреберіс жол осы жылы қаржы бөлінсе ғана жөнделеді. Қойылған нақты сауалдарға берілген жауаптар тым қысқа. Аудан әкіміне алдағы жиындарда ақпараттың басым бөлігін мемлекеттік тілде ұсыну жөнінде ескерту айтылды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ