Самар ауданының тұрғындары маңайда қасқыр қаптады деп шағымданды

296
көрілім
Фото:stihi.ru сайтынан

“ДСУ-14” ЖШС директоры Александр Федосовтың сөзінше, күздің соңғы айлары тұрғындар үшін ерекше қауіпті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, Самардың жоталы аумақтары түз тағысының мекеніне айналған. Кейде ауыл шетіне дейін келетін көрінеді.
- Әзірге жер тақыр. Ізі байқалмайды. Бірақ алғаш қар жауған кезде оларды аңдуға мүмкіндік туады. Иен даланы қойып, елдімекен іргесіне келуді жиілетті. Әсіресе, Көкпекті ауданына қарайтын Үлкен Бөкен ауылы жанындағы сайда ерекше көп. Самар аймағына еркін өтеді. Осыған тікұшақ бөлініп, санын реттесе ғой. Малға да шабады, - деді Александр Федосов.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайновтың сөзінше, қыркүйектің алғашқы сенбісі мен желтоқсанның 31-і аралығында құжаты бар тұрғындарға қасқыр атуға болады.
- Самар ауданында жедел жасағымыз жұмыс істейді. Өскеменнен тағы екі жасақ жібереміз, - деді ол.
Облыс басшысы Ермек Көшербаевтың айтуынша, ең алдымен түз тағысы қай елдімекендерге қауіп төндіріп тұрғанын анықтап алу қажет.
- Тікұшақ бөлуге болады. Бәлкім, олар ұйлығып бастаған шығар. Қалай болғанда да облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Белбеевпен бірлесе жоспар құрып, тікұшақ бөлу мәселесін қарастыру керек, - деді өңір әкімі.