Әлеуметтік желіде жауапты тұлғаның жұмыс орнында жоқтығы айтылып, оның қайда кеткені жөнінде ешкімнің ақпар ұсынбағандығы жазылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Osa_news_vko деп аталатын парақшаға ауылдастардың бірі шағым білдіріп, екі аптадан беру аудан басшысымен жолыға алмай жүргендерін жеткізді.
- Ешкім жарытып ешнәрсе айтпады. Бірінші орынбасары орнында жоқ болып шықты. Неге жоқ? Осы жағы түсініксіз. Не себепті әкімге келгенде жолымыз болмай-ақ қойды? Басшылық лауазымда апталап ешкім отырмаса, тәртіп туралы сөз қозғаудың өзі артық. Жеке қабылдауында болайық деп едік, жете алмадық. Халық түрлі мәселемен барады. Тыңдайтын құлақ жоқ. Егер осылай қалаға белгісіз себептермен жиі кететін болса, онда жұмыстан қуылсын, - делінген ақпаратта.
Кейін осы бойынша аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында ресми жауап берілді.
- Құрметті аудан тұрғындары! Самар ауданының әкімі қазір денсаулық жағдайына байланысты ем алуда. Оның орнында Мұрат Мұхаметжанов отыр. Ол кісі қордаланған түрлі сұрақтарға жауап бере алады және қазір аудан әкімінің міндетін атқаруда. Әрбіріңізді тыңдауға әзір, - делінген мәліметте.
Алайда бір күн өткен соң, яғни маусым айының 18-інде түске таяу жұрт іздеген аудан әкімі Нұрлан Махамбетов Instagram желісіндегі парақшасында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдағаны жөнінде бейнежазба жариялады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ