Самар ауданында денсаулығына байланысты көлік тізгіндеуіне тыйым салынған 6 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны анықталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Самар ауданында жүргізілген тексеру барысында медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік жүргізуге тыйым салынған адамның жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны белгілі болды.
«Дәрігерлік-консультациялық комиссияның 2023 жылғы 15 маусымдағы қорытындысына сәйкес, ер адамның көлік тізгіндеуге қарсы көрсетілімдері болған. Алайда ол соған қарамастан жүргізуші куәлігін алған. Тағы 5 адамға қатысты осындай факті анықталды. «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңының 3-бабы 3-тармағына сәйкес, жол жүрісі ережелерінің бірі - жол жүрісі қатысушыларының, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін сақтау. Осыны ескеріп, прокуратураның қадағалау актісі бойынша полиция сотқа осы адамдардың көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату туралы талап арыз берд», - делінген ақпаратта.
Сот қарауының нәтижесінде 6 адам көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.