Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылында құрметті ұстаз, күрестен республикалық жарыстардың жүлдегері Дәулетқан Қасымжанұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен жарыс өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бозкілемде 120-ға жуық спортшы белдесті. Жарыс аудандық деңгейде ұйымдастырылғанымен, көршілес Абай облысы Көкпекті ауданының жас спортшылары да қатысып отыр. Тартысты спорт додасы 2008-2011 жылы туған жасөспірім ұл-қыздар арасында өтті.
– Жарыс өте тартысты өтті. Бапкерлері де шәкірттерін баптап әкеліпті. Ауданымызда спорттық жарыс түрлерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Осы ауылда 2023 жылы тұңғыш рет еркін күрестен үйірме аштық. Мақсатымыз – ауыл балаларына қаладағыдай жағдай жасау. Балалар бос уақытында спорттың кез келген түрімен айналыса алуы керек, – дейді Самар ауданы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жандос Серікұлы.
Айта кетейік, жарысты Самар ауданы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен марқұмның балалары Жанәділ Дәулетқанұлы және Құралай Дәулетқанқызы ұйымдастырып отыр. Боз кілемде жас спортшылар бір-біріне дес берер емес. Ширақы, жылдам қимылдағандары қарсыластарынан басым түсіп жатыр. Жанкүйрелері де барынша дем беріп жатыр.
Жарыс соңында кіл мықтылар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар мектеп-бөбекжай-балабақша кешені спортшыларды тегін тамақпен қамтамасыз етті.