Самарлық колледж студенттері арасында өз ісінің шеберлері анықталды

287
көрілім

Самар ауданының аграрлық-техникалық колледжінің 65 жылдығына орай ШҚО ауыл шаруашылығы колледждерінің студенттері арасында «Өз ісінің шебері» кәсіби шеберлік сайысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға жиналғандарды Самар ауданы әкімінің орынбасары Ж.Майкенев, ШҚО кәсіптік және техникалық білім беру басқармасының өкілі М.Кожамжарова, Самар аграрлық-техникалық колледжінің директоры Ж.Жолжақсынова, колледждің ең бірінші түлегі Е.Токушев жас мамандарды құттықтап, алдағы байқауды барлық қатысушы студенттерге  сәттілік тіледі.
Мәдениет үйінің өнерпаздары қатысушыларға өнер көрсетіп, шараның көрігін қыздырды. Әр ауданнан келген қатысушылар өз білім ордаларындағы күнделікті өмірін бейнежазба арқылы көрерменге көрсетті. Ал әділқазылар студенттердің жұмысын бағалады.
Колледж директоры Жанаргүл Жолжақсынованың айтуынша, оқу орны 65 жыл аралығында ауыл шаруашылығына жиырма мыңнан астам мамандар дайындап шығыпты.
– Бұл шара ауыл шаруашылығы бағытының әдістемелік бірлестігінің жылдық жоспарына сәйкес «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша колледж студенттерінің кәсіби даярлық сапасын арттыру, олардың кәсіби құзыреттілігін одан әрі жетілдіру және мамандықтың беделін арттыру мақсатында өткізіліп отыр. Бұл қазіргі ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығы мәселесінің шешілуіне өз септігін тигізеді, – дейді колледж директоры.
Байқаудың жартысы егіс даласында өтті. Олар арнайы техникаларымен жер жыртып, тұқым егіп, бақ сынасты.
– Қазіргі таңда жастар ауыл шаруашылығы саласына көп бара бермейді. Салдарынан салада маман тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Сондықтан жыл сайын осындай ауқымды шаралар өтіп тұруы керек. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Әділ өтіп жатыр, – дейді жетекшілердің бірі.
Шынында да, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы. Себебі жастар қиындығы мен машақаты көп жұмысқа барғысы келмейді. Шын мәнінде осы салада жүрген жандар ел экономикасының артуына өлшеусіз үлес қосып жатыр деп айтуға әбден болады.
Жарыстың қорытындысына келер болсақ:
1 орын – «Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі» студенті Арнұр Құмарбеков;
2 орын – «Алтай ауданының ауыл шаруашылық колледжі» КММ-нің студенті Кирилл Полковников;
3 орын – «Зайсан технологиялық колледжі» КММ-нің студенті Эльдар Ахметқалиев, «Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ-нің студенті ДәуеновӘли.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Жантөре АСҚАРҰЛЫ