Сарапшылар Өскемендегі жаңа тасжолдардың сапасы сын көтермейтіндігін айтты

555
көрілім

Елордадан арнайы келген комиссия Жаңа Ахмер тасжолына төселген асфальттың кемшілігі көп екенін анықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Биылғы жылы төселген асфальттың ұзындығы 3,7 шақырым.

Облыс орталығына келген Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары қоғам белсенділерімен бірге жауапты мердігердің жұмысын тексерді.

– Жол үсті тегіс емес. Сол сияқты дымқылдық бар. Ол өз кезегінде асфальттың қатуына әкеледі. Тағы бір бөлігінде жолдың төсеніші біртекті емес, тығыздық жетіспейді. Келесі жылға дейін бұл жол аман тұруы мүмкін, бірақ одан кейінгі уақытта белгісіз, – деді  Ұлттық жол активтері сапасы орталығының бас директоры Замир Сагинов.

Сарапшылар мердігерге кем-кетіктерді түзетуге қатысты кеңестерін айтатынын жеткізді. Онымен қоса учаскедегі жол аяқталмаған. Әлі тротуарлар мен жол жиектері қойылмады.