Сарбаздар Отанға адал болуға ант берді

402
көрілім

Аягөз қаласындағы танк және артиллерия әскери бөлімдеріне еліміздің әр өңірінен келген 300-ден астам жас сарбаз Отан алдындағы борышын адал өтеуге салтанатты түрде ант қабылдады.  
 
Тарихы терең тәуелсіз елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау үшін әскер қатарына баратын әр ер азаматтың өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі ол – әскери ант қабылдау. Серт беру рәсіміне қатысқан әскери бөлімдердің басшылары жас сарбаздарға тілектерін айтып, сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратындығына сенім білдірді.   

– Құрметті жас сарбаздар ел тыныштығын қорғау, Отанды қорғау – сарбаздардың негізі міндеті. Осы міндетті абыроймен жүзеге асырасыздар деп сенемін. Алдағы бір жыл ішінде сіздерге командирлер мен бөлім офицерлері, сержанттар білгендерімен бөлісіп, көмектеседі. Қазақстан Республикасына қызмет етуде биік жетістіктерге жете беруге тілектеспін, – деп Аягөз гарнизонының бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев  жас сарбаздарды ант қабылдау рәсімімен құттықтады.   

Әскери өмірдің табалдырығын жаңа аттаған бозбалалар бір ай көлемінде арнайы әзірленген жоспар негізінде алғашқы әскери өмірге бейімделіп, саптық жүріс пен әскери іске машықтанды. Дайындық барысында жас сарбаздар алдағы бір жыл бойы өткеретін қызметінің  ережелері мен міндеттерін, жалпы әскери жарғылардың өздеріне қатысты қағидалары жайлы білім алды. Енді олар алған білімін тәжірибе жүзінде қолданбақ.

 – Қарулы Күштер қатарына алғаш  келген күннен бастап әскери қызмет саласында көп нәрсе үйрендім, жаңа достар таптым. Бүгін мен үшін есте қалатын күн болды. Себебі, бүгін әскери ант қабылдадым. Әскери ант қабылдау – бұл менің Отан алдындағы азаматтық борышым деп білемін. Мен, Қазақстан Республикасына адал қызмет етемін, – деді Қостанай өңірінен келген жас сарбаз Ерасыл Сапар.

Әскери ант қабылдау рәсімі санитарлық талаптарға байланысты сарбаздардың ата-ана, туған-туыстарының қатысуынсыз өткізілді.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі