Сенатор, халықаралық қатынастар, қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Шығыс Қазақстан облысына келді. ҚР Ұлттық Ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен бірге Өскемен қаласындағы 6638 және 5518 әскери бөлімдерінің жай-күйімен танысқан ол Күршім ауданында да іс-сапармен болып қайтты.
Дариға Назарбаева бастаған делегацияның Шығыс Қазақстанға келуіндегі негізгі мақсат – әскердің тыныс-тіршілігін саралап, Шекара қызметінің бүгінгі жай-күйін білу. Сенаторлар алдымен жауынгерлік басқару орталығында болып, содан соң 6638 және 5518 әскери бөлімдеріне бас сұқты. Сапар барысында Дариға Назарбаева материалдық техникалық база, қару-жарақ пен әскерилердің әлеуметтік жағдайымен жіті танысты.
Сонымен қатар халықаралық қатынастар, қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Зайсандағы Майқапшағай кеден бекетінде және Күршім шекара заставасында болып қайтты. Күршім ауданында комитет көшпелі отырыс өткізді. Жиналыс барысында мемлекеттік шекараны қорғау мәселелері талқыға салынды.
– Осы отырыста айтылған барлық түйткілді мәселелерді Парламентте талқылап, бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгіземіз деген ойдамыз. Ең бастысы, шекара жағдайының жақсаруына, дамуына үлес қосу, – дейді халықаралық қатынастар, қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ