Үржарлық спортшы шешуші сында жергілікті Ерасыл Тұрсынбековті ұтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тәжірибелі палуан бірінші айналымдардан-ақ мықтыларға тап болды. Атап айтсақ, Белорусь елінің астанасы Минск қаласында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Талғат Әмренов, Зайсан қаласынан келген Олжас Социал, дзюдодан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Бекзат Манасбаев. Міне, шешуші сынға дейін Саят Шәмшиев осы үш спортшының осал тұсын тапты. Ал финал оңайға соқпады. Себебі, қазақ күресінен ел чемпионы Ерасыл Тұрсынбеков қарсы тұрды.
- Осыған дейін өткен бірнеше жарыста күресін көргем. Әрі жас, салмағы да менен қарағанда жеңіл. Жартылай жеңіспен басым түстім, - деді спортшы.
Саят Шәмшиев 80 келіден жоғары салмақта топ жарды. Сөзінше, осындай үлкен тойларда ұйымдастырылатын жарыстар кезінде білікті төрешілер аз тартылады.
- Бабым келісіп, басымдық таныттым. Десе де қазақ күресі федерациясына хат жолдап, ұлттық дәрежедегі төрешілер тартылса, дау да болмайды. Мәселен, финалда белдесіп жатқанда Ерасыл әдісті бастап, мен бірден қарсы тәсіл қолданып кеттім. Ұпай маған берілді, бірақ менің жауырыным тиген соң көбі жеңілді деп ойлады. Жалпы, қарсыластарымның барлығы таныс, шеттерінен шеберліктері толысқан, - деді үржарлық спортшы.
Саят Шәмшиев қазақ күресінен Әлем чемпионы, самбодан Әлем Кубогінің төрт дүркін иегері. Айтуынша, Сарыөлеңдегі қатты жел көпшіліктің көзін байлап, кедергі келтірсе де, қазақтың қайсар жігіттеріне тосқауыл бола алмады.
- Осындай торқалы той кезінде ауа райын желеу етіп, анау ауыр, мынау жеңіл дегенше, белдесуде барын салу керек деп ойлаймын. Халық қашан да шиеленісті әрі жарқын күрес күтеді, - деп қорытты сөзін Шәмшиев.
Әділхан ЕСІМХАНОВ