Бұл Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ғимаратында өткен жиында «Amanat» партиясының ШҚО филиалының кезектен тыс XXIX-ші конференциясында белгілі болып, жиын кезінде 12 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға партияның атқарушы хатшылары, саяси кеңес пен бюро, облыстық аудандық маслихаттардағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері қатысты. Жылды қорытындылау барысында жауапты тұлғалар мән берген мәселелер мен бақылауда тұрған бағыттарға тоқталды. «Amanat» партиясының хатшысы Ринат Кертаев қатысып, осы уақыт аралығындағы өзгерістерді тыңдады. Ең алдымен Сайрангүл Жұмаділова сөз алып, 2022 жылдың саяси жүйедегі өзгерістермен басталғанын атап өтті.
– Маусым айының 5-і күні Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу бойынша референдум және 20 қарашада ел Президентін мерзімінен бұрын сайлау өтті. Мұндай науқандар әр өңір тұрғындарының маңызды шешім қабылдауларына негіз болды, – деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы. – Абай жеке облыс болып қалыптасқалы партия құрамында да өзгерістер байқалды. Айталық, былтыр 285 бастауыш партия ұйымы болса, осы жылдың төртінші тоқсанында олардың саны 151-ге жетті.
Партияның облыстық филиалы бірлесе, 12 ай ішінде 106 миллион теңге көлемінде партиялық жарна жинады. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға да жіті мән берілген. Бір жыл көлемінде әралуан өтініш-тілегін арқалап келген тұрғындарға мүмкіндігінше көмек беріліп, кеңестер айтылған. Мәселен, осы уақыт ішінде филиалдың қабылдау бөліміне ұзын-саны 7000-дай өтініш түсіп, 60%-дан астамы шешімін тауыпты. Тамыз айында партиялық бақылауды күшейту және салынып жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапалы шығуын қадағалау мақсатында 18 бекет құрылды.
Бұдан соң партия мүшесі Марина Быкова баяндама жасап, «Amanat» партиясы мүшелерінің мән беруі тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды. Солардың бірі – жайылым тапшылығы. Мұның алдында Сайрангүл Ахметкәрімқызы облыс көлемінде 94,5 мың гектар жер қайтарылғанын айтқан болатын. Марина Быкова ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі жақсаруы олармен ашық диалогтың көптен ұйымдастырылуымен байланысты деді.
Сәлден соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев сөз тізгінін алып, «Amanat» партиясы ШҚО филиалының төрағасы қызметіне Сайрангүл Жұмаділованың үміткерлігін ұсынды. Шараға қатысушылар бірауыздан қолдап, Ринат Кертаев жаңадан сайланған төрағаның жұмысына сәттілік тіледі.