Сәби сатылатыны туралы хабарландыру берген: Безбүйрек ана изоляторға қамалды

431
көрілім
Фото:gorod-lugansk.com

Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай бала сату күдігімен қамауға алынған екі әйелдің оқиғасын айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысында жаңа туған нәрестені сату фактісін анықтады. Тексеру кезінде 24 жастағы облыс тұрғыны жүктіліктің жетінші айында сайтқа бала сататыны туралы хабарландыру іліп, сатып алушыны іздей бастаған. Осылайша баласы жоқ жұпты тауып, кездесу кезінде баланың ақысына кредит берешегін жабу туралы келісімге келеді. Қазан айында нәрестені аталған жұптың қолына асырап алуға тапсырады. Бұл факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне «Кәмелет жасына толмағандарды сату» бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп, тексеру басталды. Күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына алынды», – деді ол ведомствоның апта сайын өтетін брифингісінде.

Осыған ұқсас жағдай Шымкент қаласында да болған.

«Жаңа туған нәрестені сатудың тағы бір фактісі Шымкент қаласында тіркелді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтағандай, 23 жастағы әйел баласын сатып алатын адам іздеп, делдал арқылы өзге облыстың 45 жастағы тұрғынын тапқан. Екеуі кездесіп, сауда мәмілесін жасайды. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәресте сәбилер үйінде. Күдіктінің бұған дейін бірнеше рет алаяқтық үшін жауапқа тартылғаны, мойнында қомақты қарызы бар екені белгілі болды. Қазіргі таңда ол – қамауда», – деді Жандос Сүйінбай.