Сәбиін әкесіз тәрбиелеп отырған аналар қандай көмекке үміт арта алады?

1970
көрілім
фотосурет nukte.kz сайтынан

Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы әр үш некенің бірі ажырасумен аяқталатын көрінеді. Ал азаматтық некедегі адамдардың ажырасуын біреу есепке алды деп тіптен ойламаймыз. Оған күйеуінен ажырасып, "өзім үшін" деп бала туып алған әйелдерді, балалы жесір әйелдерді қоссақ балаларын өз күшімен өсіріп жатқан жалғызбасты аналардың қатары тағы да ұлғая түседі. Осындай жандардың мемлекет тарапынан қандай көмек пен қолдауға ие болатынын Бұқара.кз сайтының тілшісі анықтап көрді.

Бірден анықтап айтайық: еліміздің заңнамасында "жалғызбасты ана" деген түсінік жоқ, оның орнына әйелдер мен ер адамдарға бірдей құқық беретін "толық емес отбасы" деген түсінік бар. Атауына орай мұндай азаматтарға, яғни баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған адамдарға бюджет тарапынан ешқандай жеңілдіктер мен төлемақылар қарастырылмаған. Олар сәбилерін балабақшаға орналастыруда ешқандай жеңілдікке ие емес, арнайы жәрдемақы алмайды. Дегенмен, басқа себептерге байланысты жалғызбасты аналар мен әкелер қолдауға ие бола алатын көрінеді. Ендеше, оны қалай алуға болатынын зерделеп көрелік.

Алимент

Қарапайым оқиға: жігіт үйленуге уәде беріп, жеме-жемге келгенде ойынан тайқып кетті делік. Ал бойжеткен болса, сәбиін құшақтап қала береді. Неке тіркелмеген соң нәрестеге анасының тегі беріледі. Мұндай жағдайда тексіз әке баланы асырауға міндетті ме?

Әрине міндетті! Баланың құқығы анасының мәртебесіне байланысты емес. Егер әкесі сәбиді балам деп танымаса, әйел әкелікті сот арқылы анықтата алады. Тіпті әкесі шетелге кетіп, азаматтығын өзгертсе де, баласы өмір сүретін мемлекеттің заңнамаларына сай алимент төлеуге міндетті. Алимент көлемін көпшілігіміз білеміз, бірақ біз оларды тағы бір атап өтелік. Егер ата-анасы ерекше келісімге келмесе, сот жауаптыға әдепкі қалып бойынша мынадай төлемақы төлеуді міндеттейді:

- бір балаға — жалақының немесе басқа табыстың төрттен бір бөлігі, екі балаға — үштен бір бөлігі, үш және одан да көп балаға — жартысы берілуі тиіс. Бұл көрсеткіш тараптардың материалдық мүмкіндіктеріне қарай өзгеруі мүмкін.

- егер әкесінде белгіленген жалақысы болмай, еңбегінің ақысын бұйым күйінде алатын болса, сот оған ай сайын балаларына төлейтін нақты соманы белгілейді.

Егер бала арнайы орта немесе жоғарғы оқу орнына түссе, ол оқу бітіргенше (21 жасқа дейін) әкесі мен шешесі қолдау көрсетуі қажет. Бұл жерде заң бойынша студентке төленетін ақша оның оқуға түскеніне дейінгі өмір сүру деңгейіне сай төленуі тиіс.

Кәмелеттік жасқа толған ұл немесе қыз бала кейбір ерекше жағдайларда (ауыр дерт, жарақат алу, тағы басқа) жұмысқа қабілетті ата-анасынан қолдау көруге құқылы. Яғни, кәмелеттік жастағы ауру баланы жалғызбасты ананың жалғыз өзі бақпауы тиіс. Бұл көмекті де (оның ішінде материалдық) сот арқылы өндіруге болады.

Егер баланың әкесі жасырынып жүрсе, бірақ оның басқа әйелден ересек балалары болса, кәмелеттік жасқа толмаған баласы олардан алимент өндіре алады. Сондай-ақ, осындай жолмен немерелері ретінде атасы мен апасынан да алимент өндіруге болады ("Неке және отбасы туралы" заңының 151, 152-баптары).

Сот төлемдерді жүгінген уақыттан бастап қана белгілейді. Ең болмағанда оған дейінгі үш жылды алуы мүмкін, егер сіз төлемді алу үшін қолыңыздан келгеннің барлығын істегеніңізді дәлелдесеңіз.

Ересек адамның алименті

Көп жағдайда алимент балалармен қатысты болып жатады. Алайда ажырасқан әйел аяғы ауыр болса немесе үш жасқа дейінгі баланы бағып отырса бұрынғы күйеуінен өзін де асырауға (алайда олардың некесі заңды түрде тіркелген болса) төлем талап ете алады. Сонымен қатар:

- жұмысқа жарамсыз бұрынғы зайыбы, егер ол ажырасқанға дейін жұмысқа жарамсыз болып қалса;

- көмекті қажет ететін бұрынғы зайыбы, егер ол ортақ мүгедек баланы бағып отырса ол 18 жасқа толғанша (ары қарай да, егер балаға І-ІІ топ мүгедектігі тағайындалса).

Аталмыш тармақтарда бірнеше шектеулер де бар, бірақ біз оларға тоқталмаймыз. Білгісі келгендер болса, ол "Неке және отбасы туралы" заңының 148-150-баптарында көрсетілген.

Баланы бағуға төленетін жәрдемақы

Баланы күтіп-бағуға төленетін жәрдемақы жалғызбасты анаға ғана емес, барлығына бірдей беріледі. Жұмыс істегендер декреттік төлемақыны әлеуметтік аударымдарына байланысты алады. Жұмыс істемеген және төмен жалақы алған әйелдерге бала бір жасқа толғанша ай сайын төленетін жәрдемақы берілуі тиіс. Егер отбасының жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себеті құнынан төмен болса, балаға ай сайын қосымша 2526 теңге тағайындалады. Аз қамтылғандар тұрғын үй көмегін алуға да құқылы.

Ал жәрдемақы тағайындату үшін бала бір жасқа толғанға дейін (ең жақсысы анасы декреттік демалысқа шыққан кезден-ақ) қажетті құжаттармен ХҚКО-ға жүгінуі керек. Egov.kz сайтында құжаттарды электронды үкімет арқылы үйде отырып-ақ беруге болатыны көрсетілген.

Жұмыс істеген әйелдерге

Бұл жәрдемақы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Оның көлемі әйелдің соңғы жылдары алған жалақысының мөлшеріне байланысты. Ал оның есептелуі бірқатар жағдайларды ескеруіне байланысты болғандықтан, біз оны мысалға келтірмейміз (білгісі келгендер egov.kz сайтының "декреттік демалыс" бастырмасынан оқып біле алады)

Дегенмен, жүктілікке және бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақының көлемі әйелдің декреттік демалысқа дейінгі алған төрт жалақысына тең болатынын білгені жөн. Сонымен қатар ол бала бір жасқа толғанға дейін төрт-бес айлық жалақысына тең көлемде баланы күтіп-бағуға байланысты берілетін жәрдемақы алады (бұл шамамен алынған көрсеткіш екенін ескертеміз, ал нақты соманы сізге ЗТМО мамандары есептеп береді).

Ана үйі

Ана үйі - дегеніміз өмірдің қиын жағдайында қалып қойған, мысалы жаңа туған нәрестемен немесе 30 жасқа дейінгі жүкті әйелдерге көмек көрсететін жеке қайырымдылық қоры. Мұндай жағдайда ол барлық жағынан қамтамасыз етілген Ана үйіне орналастырылады. Мұндай үйлер еліміздің 19 қаласында, оның ішінде Өскемен қаласында да бар.

Онда бала 18 айға толғанша тұруға болады. Қыздарды баланы бағуға үйретіп, үй шаруасын істеуге машықтандырады.

Ана үйінің байланыс телефоны 8-800-080-77-71 (қоңырау шалу тегін, әрі тәуліктің кез келген уақытында хабарласуға болады).

Барлық аналарға беріледі

Бала туғанда берілетін жәрдемақы бір рет (әйелдің өтініші бойынша) келесі тәртіпте төленеді:

1) бірінші, екінші, үшінші балаға - 38 АЕК (91 390 теңге);

2) төртінші және одан кейінгі балаға - 63 АЕК (151 515 теңге).

Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы (жәрдемақы жұмыс істемеген және төмен жалақы алған әйелдерге беріледі):

1) бірінші балаға - 5,76 АЕК (13 853 теңге);

2) екінші балаға - 6,81 АЕК (16 379 теңге);

3) үшінші балаға - 7,85 АЕК (18 880 теңге);

4) төртінші және одан кейінгі балаға - 8,9 АЕК (21 405 теңге).

Егер бала мүгедек ретінде танылса, оның анасы мүгедектік кезеңінде минималды жалақының 1,05 есесінде (29 698 теңге) жәрдемақы алатын болады.

Жүкті әйелдің жұмыс істеуі

Еңбек Кодексі жүкті әйелдерге бірнеше артықшылықтар береді. Мысалы, болашақ ананың жұмыс ауысымы 8 сағаттан аспауы қажет.Сонымен қатар, жүкті әйелдің (анықтамамен дәлелденген болса) мыналарға құқы бар:

- қысқартылған жүмыс күніне немесе аптасына (оның жазбаша өтініші бойынша);

- түнгі уақытта (22.00-ден 6.00-ге дейін) және жұмыс уақытынан тыс жұмыс істемеуге;

- еңбек демалысын үзбеуге;

- демалыс және мерекелік күндері жұмысқа шықпауға;

- іссапарға шықпауға (өз қалауынша);

- егер бұрын ол ауыр, әрі зиянды жұмыста істеген болса жалақы мөлшерін сақтай отырып мекеме ішінде басқа жұмысқа ауысуға (медициналық қорытынды бойынша). Басқа жұмыс табылғанша әйелді орташа айлығын сақтай отырып, бұрынғы міндеттерінен босату қажет. Егер жаңа жұмысқа көңілі толмаса болашақ ана декреттік демалысқа дейін ақысыз демалыс алуға құқылы.

Жүкті әйелдер вахталы жұмысқа жіберілмейді. Жүкті әйелді декреттік демалысы біткенше қысқартуға болмайды (бала үш жасқа толғанға дейін). Сондай-ақ, әйел бір жылға ғана келісімшартқа отырып, бірақ келісімшарт мерзімі аяқталғанша 12 және одан да жоғары апталық уақыт аяғының ауырлығы жөніндегі анықтама әкеп көрсетсе, жұмыс берушісі келісімшартты бала үш жасқа толғанға дейінгі уақытқа ұзартуы тиіс. Ал жұмысшы әйел уақытша басқа біреудің міндетін атқарған болса, бұл талаптың қатысы жоқ.

Жұмысқа құқылы

Оларға деген талап қарапайым. Олар мыналарға құқылы:

- ата-аналар мен асырап алушылар бала үш жасқа толғанға дейін қысқартылған жұмыс күні мен аптасына құқылы;

- үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналар іссапарлардан бас тарта алады;

- жеті жасқа дейінгі баласы бар аналар мен басқа да адамдар олардың жазбаша келісімінсіз түнгі уақыттағы жұмысқа шақырылмайды (мұндай талап 16 жасқа дейінгі мүгедек баласы барларға да қатысты);

- бір жарым жасқа дейінгі баласы бар аналар баласын емізуге әр үш сағат сайын босатылуы тиіс. Сонымен қатар, бәр бала үшін жарты сағат, ал екі және көп баланы емізетіндерге бір сағат үзіліс беріледі. Бұл күнделікті түскі үзіліс уақыты есебінен емес, оларға қосымша ретінде беріледі және ол ақылы болып қала береді.

- 14 жасқа дейінгі баласы бар жалғызбасты аналар мен әкелерді (сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі мүгедек баласы барларға) штаттың қысқаруына орай жұмыстан шығаруға болмайды. Мұнымен қатар, "жалғызбастылар" қатарына реми некеде тіркелмеген кез келген әйел мен ер адам жатады. Дегенмен, заңда лауазымды иеленуге сәйкес емес дегеннен бастап, баскөтерулерге қатысты деген себептермен заңды түрде жұмыстан шығарып жіберудің 23 түрі бар.

- егер жұмысшының үш жасқа дейінгі баласы болса, бірақ оның бір жылға дейінгі жасаған келісімшартының мерзімі аяқталып келе жатса ол баланы үш жасқа дейін күтіп бағу себебімен демалысқа шығуына болады. Осылайша ол еңбек келісімшартының уақытын демалыс уақыты біткенге дейін ұзарта алады. Бұл құқық ол жұмыс орнында басқа адамды уақытша алмастырған болса ғана берілмейді.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ