Өскемен қаласының тұрғыны 79 жастағы зейнеткердің үйіне түсіп, 200 мың теңгелік теледидарын ұрлап кеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жуықта Үлбі полиция бөлімшесіне келген қарт адам белгісіз біреудің үйіне түскенін айтып арыз жазды. Анықталғандай, тонаушы құлып салынбаған есік арқылы ішке кіріп, ас бөлмедегі үстел үстінде тұрған «LG» маркалы теледидарды ұрлап кеткен. Осының салдарынан жәбірленушіге 200 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтіріліпті.
- Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді. 41 жастағы жұмыссыз ер адам өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-бабы 3-бөлігі (тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ведомство өкілдері.