Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші, актриса Бибігүл Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Кеше ғана әнші ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен қатар келген 90 жасын қарсы алды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
ҚР Тәуелсіздік күніне орай жаңадан ашылған көп функциалы мәдени-спорттық кешенде тамаша концерттік бағдарлама өтті. Қала әкімі Ермак Сәлімов қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, 16 желтоқсан күні Семей қаласының тумасы, бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толғанын хабарлады.
Сонымен қатар Семей қалалық Мәдениет үйіне Бибігүл Төлегенованың есімі берілетінін де айтып өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 3 желтоқсан күні Бибігүл Төлегенованың 90 жасқа толуына арналған шығармашылық кеш өткен болатын. Кеште талай талантты тәрбиелеп шығарған Бибігүл Ахметқызының шәкірттері мен «Астана Опера» театрының үздік солистері әннен шашу шашты. Әнші ұйымдастырушылар мен шәкірттеріне ризашылығын білдіріп, марқұм болған Роза Жаманова, Ермек Серкебаев сынды әріптестерін еске алды.
Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері әншінің шаңырағына барып, туған күнімен құттықтап қайтты. Айта кетерлігі, Бибігүл Төлегенова бүгінде көзі тірі қазақстандықтардың ішінде КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері атанған бірден-бір әйел адам.