Семей қаласындағы колледждердің біріндегі кітапханаға еніп кеткен бұлан табиғи ортасына оралды. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Баспасөз хатшының айтуынша, жануар орманға қайта жіберілді.
- Бұл жануардың ең алдымен есту мен иіс сезу сезімдері жақсы дамыған, ал көру қабілетіне келсек, бір орында қозғалмай бірнеше метр қашықтықта тұрған адамды байқамай қалуы мүмкін. Егер жануарды көріп қалсаңыз қандай жағдай болмасын жақындаудың қажеті жоқ. Алыс қашықтықты ұстай отыра айналып өткеніңіз жөн. Ешқашан хайуанға ту сыртыңызбен бұрылмаңыз, әрдайым көз алдыңызда ұстаңыз, - деп ескертті Сәкен Ділдахмет.
Еске салсақ, өткен аптаның ортасында Семей қаласы спорт колледжінің қызметкерлері кітапханаға терезеден кіріп кеткен бұланды байқаған. Ғимаратқа енерде жануар терезе шынысын шағып, кабельге залал келтірді.
Жергілікті биологиялық орталық мамандары аталған оқиғаны ауданаралық аңшылар қоғамына хабарлаған. Кейбір куәгерлер бұланды қаланың басқа ауданынан көргендерін айтады.