Компьютер клубының әкімгері келушілердің бірі өзіне шабуыл жасайды деп еш ойламады. Күтпеген жерден өзіне қырғидай тиген ер адам қолын байлап, сейфті тонап кеткен. Оқиғаның жай-жапсары Семей қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Көптеген компьютерлік ойындарда заңға қайшы әрекеттердің еш оғаштығы жоқ болып көрінетіндігі рас. Осының салдарынан виртуалды әлемге жан-тәнімен берілген адам шын өмірде де қылмыс жасау оп-оңай деген ойға кенеледі. Бір қарасаңыз, бәрі атыс-шабыс ойындарындағы сияқты – қарсыласты сұлату, олжаға қол жеткізу, сол жерден тайып тұру. Дәл осындай жоспар Өскемен қаласының тұрғыны Талант Көшербаевта (аты-жөні өзгертілген) болған секілді. Ол әдеттегідей компьютер клубында түн жарымына дейін отырған.
Ойын залынан ақша төлеу орнына өтіп бара жатқан ер адам қарама-қарсы қабырғадағы сейфті байқап қалады. «Осының ішінде бірталай қаражат бар шығар» деп Талант іштей топшылаған. Дәл сол күндері әмияны жұқарып, қайдан ақша табарын білмей жүрген-тұғын. Сейфті тонаса барлық проблема бір-ақ сәтте шешілетіндей. Алайда бір кедергі бар, ол – клуб әкімгері. Әлсіз әрі арық қызға Талант шамасы жететіндігіне сенімді.
Бұрымдыны әңгімеге тартқан жігіт әр түрлі тақырыпта сөз қозғаған. Кенет клуб әкімгері артқа бұрылып қалғанда осыны тосып тұрған семейлік дереу іске көшті. Бір қолымен шап беріп ұстап, екінші қолымен аузын жапты. «Үніңді шығарушы болма. Айқайласаңда сені ешкім естімейді» деп ер адам оның құлағына сыбырлаған. Өне-бойын үрей билеген қыз үнсіз басын изеді. Оны сейфке алып келген Талант Көшербаев құлыпты ашуға мәжбүрлейді. Содан соң лезде үстелден орамал алып, қолын байлап бөлменің бұрышына отырғызып қойған.
Сейфтен ер адам 9 865 теңге алып шықты. Бұл өзі ойлағаннан әлдеқайда аз ақша болғандықтан Талант әкімгер қыздың ұялы телефонын қоса алып кетпек болады. Барлық олжасын қалтасына салған ол оқиға орнынан із суытқан.
Орамалдан босану жәбірленушіге еш қиындық тудырмады. Дереу полицияға қоңырау шалған бұрымды не болғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берген. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді. Компьютер клубының иесіне ақшасы қайтарылды, ал Талант сотқа тартылды.
Семей қалалық №2 сотының үкімімен айыпталушы 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар 300 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған сотталушы 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ