Семейде шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқан ер адам жазаға тартылды. Сот материалдарына сүйенсек, айыпталушы Ресей арқылы Украинаға барып әскери дайындықтан өткен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Семей қаласының №2 сотында шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқан азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Ш. есімді ер адам Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра 2016 жылдың шілде-желтоқсан айлары аралығында шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқан, яғни Ресей арқылы заңсыз Украинаға өтіп, өз егемендігін жариялап алған Донецк халықтық мемлекеттің азаттық жолындағы күресіне болысу мақсатында «жасақтардың» қатарына кіріп, әскери дайындықтан өткен.
Сөйтіп қолына қару алған ол әскери қимылдардың бел ортасында жүрген, алайда Ресей Федерациясындағы 3 айлық мерзімі біткен соң азамат 01.12.2016 жылы қайта Қазақстанға оралады. Бұнымен қоймай, сотталушы Семей қаласында 2017 жылдың ақпан айында Макарова маркілі қаруды заңсыз сақтап, кейінірек Павлодар қаласына барып сатып жіберген.
Сот үкімі бойынша айыпталушы ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігінде және 172-бабында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 3 жыл 6 айға шартты мерзімге бас бостандығынан айырылды.