Жақын жылдары Семей қаласындағы аспалы көпір қайта жөндеуден өтіп, заманауи жарық шамдарымен жарықтандырылмақ. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық отырысында ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
— Семей қаласындағы аспалы көпір өңіріміздегі маңызды нысандардың бірі саналады, — дейді Мұрат Хабдылжаппарұлы. — Қазіргі уақытта оның конструкциясы мен асфальт жабынының біршама тозғандығы анықталып отыр. Көпірдің асфальт жабынын толықтай өзгертуді келесі жылы қолға аламыз. Алдын ала болжанған сметалық шығынға сенсек, жөндеу құны 241 миллион теңгені құрамақ.
Аталмыш көпірдің бүкіл ТМД елдерінің ішінде теңдесі жоқ бірегей құрылыс екенін алға тартқан өңір басшысы Даниал Ахметов оның көркі де затына сай болуы қажет екенін баса айтты.
— Бұл көпірге тең келетін нысан бұрынғы Одақтас республикалардың ешқайсысында жоқ, — дейді Даниал Кенжетайұлы. — Сондықтан оның заманауи жарық шамдармен жарықтандырып, ерекшеленіп тұратындай етіп көрсетуіміз керек. Семей қаласының көркі болуы үшін қала әкімдігі облыстық жолаушы көлігі басқармасымен бірлесе отырып маған ұсыныстарын дайындасын.