Семей қаласының тұрғыны 8-ші наурыз күні әйел адамды ұрып өлтірген

489
көрілім

Жете танымайтын ер адамның «мейрамды бірге атап өтейік» деген ұсынысына келіскен әйел мұның соңы өлімге әкеліп соғатынын қайдан білсін?! Бір қарағанда мінезі жақсы көрінген еркек қой терісін жамылған қасқыр болып шыққан. Оқиғаның жай-жапсары Семей қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды.

Кристина Ростова (аты-жөндері толықтай өзгертілген) кездейсоқ танысып қалған Олег Радионов 8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күнін бірге атап өтуге шақырғанда қатты қуанды. Күйеуімен ажырасып кеткеніне талай жыл өткен әйел бауыр еті баласын жалғыз өсіріп келген. «Жалғыздық құдайға ғана жарасады» демекші, Кристина қиналғанда қолтықтап, сүрінгенде сүйемелдейтін жұбайының болғанын қалады. Бір қарағанда, Олег оған мәдениетті, сыпайы, ақкөңіл жігіт болып көрінген. Сөйтіп өскемендік азаматша ер адамның шақыртуына өз келісімін береді.

7 наурыз күні Кристина 50 жастағы Олег Радионовтың үйіне қонаққа келген. Екеуінің әңгімелері бірден жарасады. Әйел адам іштей «Ертең маған бір сыйлық дайындап қойған шығар» деп ойлаған. Бірақ бұл ойлағаны болмай шықты. Бәріне кінәлі – кешкі уақытта есік қаққан күтпеген қонақ.

Олегтің бұрынғы танысы Владимир Каримов құр қол келмепті. Екі бөтелке шарапты олар бірнеше сағаттың ішінде тауысып қойған. Қас қарайып, алакеуім тартқанда ер адам үй иесінен қонуға рұқсат сұрайды. Алайда бөтелкелесінің зәрі ұстамайтын сырқатқа шалдыққандығын білетін Олег үзілді-кесілді бас тартқан. Осылайша Владимир сыртқа шығып кетеді де Олег пен Кристина ұйқыға бас қояды.

Түн жарымында оянып кеткен әйел есіктің арт жағынан бір дыбысты естіген. Терезеден сығалап қараған ол Владимир Каримовті көреді. Кіреберісте ұйықтай алмай жатқан еркек әбден жаурап қалыпты. Жаны ашып кеткен азаматша есікті ашып бейбақты ішке кіргізген. Таңертең көрші бөлмедегі Владимирді көзі шалған Олег таңырқап қалды. Ұйқыны «ұрып» жатқан ер адам төсекке кіші дәретін жіберіп қойыпты. Зығырданы қайнап, бұлқан-талқан болған үй иесі бар ашуын Кристинадан алған. Әйел адам мейрамға сыйлық алғанның орнына дәл тұмсықтан соққы жейді. Құлап түсіп қайта тұрып еді, қаны басына шапшып тұрған еркек тағы ұрып жіберген. «Бұл жерден қараңды батыр!» деп ақырды оған үй иесі. Өне-бойын қорқыныш билеген Кристина Ростова аяқ киімін киіп жатқанда ер адам оны аямай бір тепкен.

Соққыға жығылған азаматшаны ауладан ұлы тауып алып, үйге кіргізіп, диванға жатқызады. Не болғанын түсіндіргісі келмеген Кристина теріс қарап жатып алған. Міне осы сәттен бастап ол көзін мүлде ашпады… Соңынан анықталғандай, Олегтың ұрып-соққанынан ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленушінің бас сүйегі мен миына зақым келген.

Семей қалалық №2 сотының үкімімен айыпталушы 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ