Семей қаласының тұрғыны «көлігіңді сатуға көмектесемін» деген ер адамға алданып қалған

473
көрілім

Ақшаға қысылған азаматша автокөлігін сатуға бел байлаған. Алайда біраз уақыт өтсе де темір тұлпарын ешкім алмады. Сол кезде оны әңгімеге тартқан танысы көлікті жақсы бағаға сатып бере алатындығын айтқан, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ойына еш секем келмеген 38 жастағы әйел оның қолына кілтті ұстата салады. Көлікке мініп кеткен еркек сол күйі оралмаған, телефонын да алмаған. Алданып қалғанын түсінген семейлік полиция бөліміне барып арыз жазады. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді.

– Бұрын бірнеше мәрте сотты болған 53 жастағы ер адам өз кінәсін мойындап отыр. Жәбірленуші өзіне келтірілген материалдық шығынды 500 мың теңгеге бағалады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабымен тергеу амалдарын жүргізуде, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.