Семей маңындағы Бобровка кентінің ауыз су мәселесі шешімін табады

627
көрілім

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қалаға жақын Бобровка кентіндегі ауыз су мәселесін шешуге уәде берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Семей әкімі Ермак Сәлімов Бобровка кентінің тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Бүгінде кенттің тұрғындарына қиындық туғызып тұрған ол – ауыз су мәселесі. Бірнеше жыл судың тапшылығын көріп келе жатқан тұғындар қала әкіміне осы мәселені қолға алуын өтінді.
«Жалпы Семей қаласында бірнеше елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Алайда, осы істі аяқсыз қалдырмай бір ретке келтіргендіктен бүгінде көп жерлер сумен де, жарықпен де толық қамтылып отыр. Ендігі кезек Бобровка кентіне келді. Кенттің жағдайымен толық таныспын. Мәселелер қатары менің бақылауымда. Ауыз су бойынша жобалық смета жұмыстарын жасап, арнайы қаражат қарастырып, келесі жылы толық ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. Арнайы су құбырлары үйлеріңіздің алдына дейін тартылатын болады. Мәселе шешілгенше көше бойындағы су колонкалары қосылып тұрады. Ал, жарық мәселесі бойынша мамандар әр үйдің жарығының қуаттылығын тексеріп, қосымша жарық трансформаторлары қойылады», - деді қала әкімі Е. Сәлімов.


Қала тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселе – автобустың сирек қатынауы.
«Алдағы уақытта жаңа автобустар жүре бастайды. Халықтың қолайлылығы үшін бұл автобустар қысқы - жазғы ауысым деп бөлінбей, жұмыс кестесіне лайық таңертеңнен кешке дейін жүретін болады», -деді қала әкімі.


Сонымен қатар, Ермак Сәлімов кенттің тазалық жұмыстарымен де танысты. Бүгінде тұрғындар ортақ тазалық жұмыстарын өткізуге, келісімшарт жасауға асықпайтын көрінеді. Осы ретте, қала әкімі қызмет көрсету мекемесіне және полиция қызметкерлеріне айналаны қоқыстан тазарту жұмысын қолға алу жөнінде арнайы тапсырма берді.