Семей тұрғындары интернет-алаяқтардың қақпанына түсуде

431
көрілім

Семей қаласының полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың жолын кесу үшін арнайы топ құрды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жуықта 4 алаяқтық фактісі тіркелген.
-Оңай олжаға кенелмек болған белгісіз біреу сайттардың біріне бала арбасының сатылатындығы жайлы жалған жарнама берген. Осылайша 22 жастағы қала тұрғынының 120 000 теңгесін иемденіп кетеді. Сондай-ақ тағы бір алаяқ осы сайтқа қосалқы бөлшектерді сататындығы туралы жарнама орналастырған. Бұған сенген ер адам оған 80 000 теңге жібере салады, - делінген ведомство мәліметінде.


Тағы екі оқиға әлеуметтік желілерде орын алған. Әсел есімді қыз ұялы телефон мен планшетті арзан бағаға сататындығын жазыпты. Айласын асырған ол 550 мың теңге пайда көрген.
-Екінші фактіде алаяқ ақша инвестициясы жайлы хабарландыру жариялаған. Тұзаққа түскен жәбірленуші оған төлем терминалы арқылы 130 мың теңге жіберді. Қазіргі уақытта қылмыстарды ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізетін арнайы топ құрылған, - деп хабарлады Полиция басқармасынан.